Дождитесь окончания загрузки
Модальное окно "Дорогой друг, прими участие в опросе"
preview Артқа

Интернет-тәуелділік. Виртуалды әлемге сүңгіп кетпеудің жолы қандай?

10.10.2024 • 14:46

Кейде бір күннің қалай өтіп кеткенін байқамай қалатын кездерің болған шығар: әлеуметтік желіге кіріп немесе онлайн-ойын ойнап отырасың да, уақыттың қалай өте шыққанын білмей қаласың. Бүгінде интернет тамақ пен ұйқы сияқты өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Бірақ онсыз жүре алмайтын болсаң, не істеу керек? Интернет-тәуелділіктің не екенін, оны тану жолдарын және өміріңді басып алмауы үшін не істеу керек екенін қарастырып көрейік. 

Интернет-тәуелділік деген не?

Интернет-тәуелділік — онлайн өмірге кірмей бір күн де тұра алмайтын жағдай. Әлеуметтік желілер, стриминг платформалары, видеоойындар — мұның барлығы магнит сияқты өзіне тартып, бақылаудан айырылып бара жатқандай көрінеді. Минут сайын телефоныңды тексересің, шынайы өмірден алыстайсың, бір кезде виртуалды әлемнің шынайы өмірден де маңызды бола бастағанын байқайсың. Мамандар мұны өмірің мен денсаулығыңа кері әсер етуі мүмкін тәуелділік түріне жатқызады. 

Интернет-тәуелділіктің белгілері

Интернетке тәуелділікті бірнеше белгі бойынша тануға болады. Солардың бірнешеуіне тоқталайық: 

  • Желіге кірмегенде беймаза күйде болу. Интернетке кіре алмасаң немесе сүйікті ойыныңа қол жеткізбесең, өзіңді жайсыз сезінесің. 
  • Әлеуметтік желілерді үнемі жаңартып отыру. Маңызды ештеңе болмаса да, әлеуметтік желі лентасын тексермей жүре алмайсың. 
  • Маңызды мәселелер туралы ұмытасың. Сабақ, жұмыс, достарыңмен кездесу — мұның барлығы екінші орынға ысырылады, себебі сен онлайн өмірді жөн көресің.  
  • Ұйқы бұзылады. Түнге дейін желіде болып, ұйқың қанбайды. 

Интернет-тәуелділік түрлері

Әлеуметтік желілерге тәуелділік. Facebook, Instagram, Twitter және басқа да әлеуметтік желілерді көп қолдану. Ондағы жаңартулар мен хабарламаларды тексеру шынайы әлеуметтік байланыстарды бұзып, өнімділікті төмендетеді. 

Ойынға тәуелділік. MMORPGs (рөлдік компоненттері бар көп адам отыратын онлайн-ойындар) сияқты онлайн-ойындар негізгі міндеттерге, оқу мен жұмысты елемеуге әкелуі мүмкін.  

Ақпаратқа тәуелділік. Интернеттегі ақпаратты шексіз тұтыну стреске әкелуі мүмкін. 

Интернет-шопингке тәуелділік. Онлайн-сауда қаржылық шығындар мен содан туындаған отбасындағы шиеленістерге алып келуі мүмкін. 

Мұның себептері неде?

Себеп әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, интернет көбіне іш пысудан, стрестен немесе проблемалардан құтқарады. Әлеуметтік желілер маңызды екенін сезінуге көмектесіп, лайктар көңілді көтереді, ал ойындар өзін қаһарман сезінуге мүмкіндік береді. Бірақ мұның барлығы иллюзия екенін түсіну маңызды. Виртуалды әлем назарыңды аударатындай жасалған және ол жерде көп уақыт өткізген сайын оның шырғалаңынан шығу қиындай береді. 

Мұның қандай қаупі бар?

Интернетте асыра уақыт өткізу психикаға ғана емес, физикалық денсаулыққа да кері әсер етеді. Экран алдында ұзақ уақыт өткізген соң көзің немесе белің ауыратынын сезген шығарсың. Компьютер алдында немесе смартфонмен отыру қалыпты ұйқыға да кедергі келтіріп, шаршатып, күйзеліске себеп болуы мүмкін. 

Сондай-ақ интернет-тәуелділік достарыңмен, жақындарыңмен және өзіңмен қарым-қатынасыңа да кері әсер етеді. Шынайы кездесулер мен әңгіме қызықсыз көрініп, мәселені онлайн шешу әдеті нағыз қатынастарды орнатуға жеткіліксіз болып жатады. 

Интернет-тәуелділіктен қалай арылуға болады?

Интернет қақпанына түсіп қалмауға көмектесетін бірнеше кеңесіміз бар: 

1.     Лимит белгіле. Мысалы, әлеуметтік желіде күніне 1–2 сағат отыр.

2.     Шынайы өмірде айналысатын іс тап. Спорт, достарыңмен қыдыру, хобби — мұның барлығы онлайн-әлемнен назарыңды бұруға көмектеседі.  

3.     Телефоныңды «мазалама» режиміне қой. Әсіресе түнде интернеттің ұйқыға кедергі келтірмеуі маңызды.  

4.     Оффлайн-қатынасты жақсарт. Достарыңмен кездес, жақындарыңмен уақыт өткіз. Бұл виртуалды қатынастан анағұрлым жақсы.  

Интернет — өміріңді жеңілдетіп, оны қызық ете алатын керемет құрал. Бірақ ол сені емес, сен оны басқаруың керек. Өзіңді тыңда, әдеттеріңе мұқият бол, экраннан тыс өмірдің желіден де қызық бола алатынын ескер. 

Интернетті пайдалы қолданудың әдістерін үйренгісі келетіндер Qlever платформасына жүгіне алады. Онда көптеген ойын, сыни ойлауды дамытуға, дүниетанымыңды кеңейтуге және оқу дағдыларыңды жақсартуға бағытталған мақалалар бар. Уақытты әлеуметтік желі скроллингімен бос өткізудің орнына жаңа тақырып меңгеріп, оны пайдалы өткізуге де болады. Qlever — интернеттегі уақытыңызды қызық қана емес, пайдалы ететін платформа. 

 

Бұл ақпараттық-танымдық платформа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан жастарына арналған.

Платформа серіктес елдер заңнамасы талаптарын ескере отырып әзірленген. Платформада қолданылатын барлық мысалдар тек оқу мақсатында келтіріледі және заңға қайшы келуді көздемейді. Платформаны қолдана отырып, Сіз өз түсінуіңізді растайсыз және жоғарыда аталған мақсат-міндеттермен келісесіз.