Дождитесь окончания загрузки
Модальное окно "Дорогой друг, прими участие в опросе"
preview Артқа

Жер сілкінісі және сілкініс кезінде өзін-өзі ұстау ережелері

28.10.2024 • 14:21

Кіріспе

Жер сілкінісі – бірнеше секундта ландшафтты түбегейлі өзгертіп, инфрақұрылымды жойып жіберуге қабілетті ең жойқын табиғи құбылыстардың бірі.

Жер сілкінісі – бұл тектоникалық плиталардың қозғалысы немесе басқа да табиғи факторлар әсерінен жер қыртысында пайда болатын дүмпулер. Жер сілкінісі кез келген жерде болуы мүмкін және оның салдары жеңіл дүмпулерден бастап, үлкен апаттарға дейін бара алады. Жер сілкіністерінің себептері мен салдарын түсіну – өзіңізді және жақындарыңызды қорғаудың негізгі қадамы.

Жер сілкінісі сирек болатын аймақта тұрсаңыз да, бұл құбылысты түсіну және апат кезінде дұрыс әрекет ету жолдарын білу маңызды. Әсіресе сейсмикалық белсенді аймақтарда жер сілкінісі кенеттен және ескертусіз пайда болады. Көптеген адам мұндай жағдайларға дайын болмай қалады.

Жер сілкінісі адамның өміріне қалай әсер етеді?

Жер сілкінісі адамдардың өміріне және қоғамға айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Көбіне олар ғимараттар мен инфрақұрылымның бұзылуына әкеледі: үйлер, мектептер, ауруханалар мен жолдар қирап, адамдарды баспанасыз қалдырып, маңызды қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік бермейді. Ірі жер сілкінісі көбіне адамның қаза табуына, жарақат алуына себепші болады. Әрі адам өліміне тек ғимараттардың құлауы ғана емес, сонымен қатар өрт, көшкін және басқа да жағдайлар ықпал етеді. Жер сілкінісінен туындаған экономикалық шығындар да орасан зор — қираған инфрақұрылымды қалпына келтіру және зардап шеккендерге көмек көрсету үлкен қаржылық шығындарды талап етеді және бірнеше ай, тіпті жылдарға созылуы мүмкін. Физикалық және экономикалық салдарлардан бөлек, жер сілкінісі аман қалғандарды терең психологиялық күйзеліске ұшыратады: көптеген адам эмоциялық жарақаттар, мазасыздық пен қорқынышқа тап болып, олардың психологиялық-эмоциялық жағдайын қалпына келтіру ұзақ уақытты қажет етеді. Жер сілкінісінің табиғатын және оның салдарын түсіну — осындай апаттарға дайындалу және қауіп-қатерді азайту шараларын қабылдау үшін өте маңызды. Бұл адамдар мен қоғам үшін болатын зардаптарды жеңілдетуге көмектеседі.

Жер сілкінісі — бұл, негізінен, Жердің "сілкінуі". Ол жер астындағы қабаттардың қозғалысынан туындайды. Жер қыртысы үлкен "бөліктерден" немесе "плиталардан" тұрады. Оларды тектоникалық плиталар деп атайды. Бұл плиталар өте баяу қозғалады және біз оны күнделікті өмірде байқамаймыз. Дегенмен, кейде олар бір-бірімен соқтығысады, үйкеледі немесе әртүрлі бағытта қозғалады. Бұл қозғалыс жер қыртысында кернеудің жиналуына әкеледі. Кернеу тым жоғары болған кезде, плиталар кенеттен ығысып, үлкен көлемдегі энергияны жер асты толқындары түрінде босатады.

Тектоникалық плиталардың қозғалысы өте баяу әрі жылына бірнеше сантиметр ғана болады, бірақ мұндай кішкентай қозғалыстар орасан зор энергия жинақтай алады. Созылған резеңкені қатты тартып, кейін оны кенеттен босатқаныңызды елестетіңіз. Сол сияқты тектоникалық плиталар да ұзақ уақыт бойы кернеу жинақтап, содан кейін бірден "босаңсиды". Бұл Жер бетінде сезілетін дүмпулерге немесе соққыларға алып келеді.

Бұл дүмпулер жер қыртысы арқылы сейсмикалық толқындар түрінде таралады. Босаған энергия неғұрлым көп болса, жер сілкінісінің күші соғұрлым жоғары болады. Кейде олардың күші үлкен болатыны сонша, тіпті жер "дірілдеп", ғимараттар қирап, жолдар жарыла бастайды.

Жер сілкінісін жақсырақ түсіну үшін мына мысалды қарастырайық: үстелді қалың матамен жауып, үстіне түрлі заттар қойдыңыз делік. Оны қозғап немесе аяқтарын шайқай бастасаңыз, заттар дірілдеп, орнынан қозғалып, тіпті құлап кетуі мүмкін. Жер сілкінісі осыған ұқсас принципте, бірақ әлдеқайда үлкен көлемде жұмыс істейді,: үстелдің рөлінде – жер қыртысы, ал заттардың рөлінде – ғимараттар, ағаштар және жер бетінде тұрған барлық нәрселер тұр деп ойлауға болады.

Тектоникалық плиталар кенеттен жылжыған кезде, бұл үстелге жасалған соққы сияқты оның үстіндегі барлық затты қозғалысқа келтіреді. "Соққы" неғұрлым күшті болса, қирау деңгейі де соғұрлым көп болады.

Жер сілкіністерінің себептері

Жер сілкіністерінің ең көп тараған себебі – тектоникалық плиталардың қозғалысы, бірақ плиталардың қозғалысы – жер сілкінісін тудыратын жалғыз себеп емес. Жер асты дүмпулерін тудыратын басқа да факторлар бар:

Жанартаудың атқылауы

Жер сілкіністері кейде жанартаулардың атқылауымен қатар жүреді немесе оған дейін болады. Атқылау кезінде балқытылған магма жер бетіне көтеріле отырып, жер қыртысына қысым жасайды. Бұл қысым жер асты дүмпулерін тудыруы мүмкін.

Адам әрекеті

Кейде жер сілкіністері жасанды түрде де пайда болады. Мысалы, құрылыс жұмыстарында немесе пайдалы қазбаларды алуда жүргізілетін жарылыстар жер бетінде дүмпу тудыруы мүмкін. Сондай-ақ, мұнай өндіру үшін жердің терең қабаттарына үлкен көлемде су немесе газ айдағанда да осы жағдайлар жер қыртысындағы қысымды өзгертіп, кішігірім жер сілкінісін тудыруы мүмкін.

Осылайша, жер сілкінісі әртүрлі себептермен - табиғи тектоникалық плиталардың қозғалысынан бастап, вулкандардың белсенділігіне немесе тіпті адам әрекетінің әсерінен пайда болуы мүмкін. 

Жер сілкіністері қаншалықты қауіпті?

Жер сілкінісі адамдарға бірнеше себептерге байланысты қауіп төндіреді:

  1. Кең көлемді қиратулар. Жер сілкінісінің күші мен халық тығыздығына байланысты кең ауқымды қираулар болып, адам шығынына әкелуі мүмкін. Адамдар ғимараттар мен көпірлердің астында қалып немесе құлаған заттардан, қабырғалардың опырылуынан жарақат алуы ықтимал.
  2. Инфрақұрылымның бұзылуы. Жер сілкінісінен кейін жолдар, электр желілері, су құбырлары және байланыс жүйелері зақымдалады. Бұл құтқару жұмыстарын қиындатып, зардап шеккен аудандарға қол жеткізуді қиындатып, апаттан кейінгі қалпына келтіру жұмысын баяулатады.
  3. Психологиялық стресс. Жер сілкінісі тек физикалық қана емес, сонымен қатар психологиялық жарақат та салады. Қайталама дүмпулерге (афтершоктарға) деген қорқыныш, үй немесе жақын адамдарды жоғалту ұзақмерзімді психологиялық қиындықтарға, мысалы, посттравматикалық стресстік бұзылысына (ПТСР) әкелуі мүмкін.
  4. Апаттар тізбегі. Жер сілкінісі басқа табиғи апаттарды, мысалы, цунами, көшкін немесе су тасқынын тудыруы мүмкін. Бұл оқиғалар қирату ауқымын арттырып, зардап шеккендер санын көбейте түседі.

Жер сілкінісінің салдары

Жер сілкінісі — адамдарға, инфрақұрылымға және табиғатқа апатты салдар тудыруы мүмкін ең жойқын табиғи құбылыстардың бірі. Ірі жер асты дүмпулері беткі қабатты қиратып қана қоймай, цунами, көшкін және өрт сияқты қауіпті оқиғалар тізбегін де тудыруы мүмкін. Жер сілкінісі кезінде не болуы мүмкін екенін және оның адамдарға қаупін егжей-тегжейлі қарастырайық.

Ғимараттар мен инфрақұрылымның қирауы

Жер сілкінісінің алғашқы әрі ең айқын салдарының бірі — ғимараттар мен инфрақұрылым нысандарының қирауы. Ірі дүмпулерден жер тербеледі. Бұл тұрғын үйлердің, кеңсе ғимараттарының, көпірлер мен жолдардың құлауына әкелуі мүмкін. Жер сілкінісінің қуатына және инфрақұрылымның дайындық деңгейіне байланысты зақым деңгейі қабырғалардағы жарықтардан бастап, ғимараттардың толықтай құлауына дейін болады. Бұл әсіресе халық тығыз орналасқан қалаларда қауіпті, өйткені мұндағы ескі ғимараттар мұндай жүктемелерге дайын болмауы мүмкін.

Ірі жер сілкінісі кезінде ғимараттар, әсіресе көп қабатты үйлер, айтарлықтай деформацияға ұшырайды. Сейсмикалық қауіпсіздікке бейімделмеген немесе нашар салынған ескі ғимараттар құлап, көптеген адам шығынына әкелуі мүмкін. Инфрақұрылымның бұзылуы сондай-ақ жолдардың, көпірлердің және су, электрмен қамтамасыз ету жүйелерінің істен шығарады. Бұл апаттан кейін қалпына келтіру жұмыстарын қиындатып, ұзақ уақыт алуы мүмкін.

Мысал: Ең жойқын жер сілкіністерінің бірі 2010 жылы Гаитиде болды. Елдегі көптеген ғимарат сейсмикалық қауіпсіздікке сай салынбағандықтан, Порт-о-Пренс қаласының көптеген ауданы қирап қалды. 200 мыңнан астам адам қаза тауып, миллиондаған адам баспанасыз қалды.

Цунами

Жер сілкінісі су астында немесе жағалау маңында болғанда, ол жағалауға зор күшпен соғылатын алып толқындар, яғни, цунами тудыруы мүмкін. Бұл, әсіресе, Тынық мұхитының Отты шеңбері аймағындағы елдерге тән. Мұнда суасты жер сілкіністері жиі болады. Цунами биіктігі 30 метрден асатын алып толқындарға жетіп, жолындағы барлық нәрсені — ғимараттарды, ағаштарды, көліктерді — жойып жібере алады.

Цунамидің қаупі оның ауқымы мен жылдамдығында: олар мұхит арқылы мыңдаған шақырымды басып өтіп, жер сілкінісінен бірнеше сағат өткен соң да жағалауға соғыла алады. Жағалауда болған адамдар көбіне эвакуация жасап үлгермей қалады, себебі толқындар күтпеген жерден пайда болуы мүмкін.

Мысал: 2004 жылы Үнді мұхитындағы жер сілкінісі тарихтағы ең көп өлімге әкелген цунамидің бірін туындатты. Биіктігі 15 метрге дейін жеткен толқындар Индонезия, Тайланд, Үндістан және Шри-Ланка жағалауларына соғылып, 230 мыңнан астам адамның өмірін қиды.

Көшкіндер

Таулы аймақтарда немесе тау баурайында болған жер сілкінісі топырақтың немесе тасты жыныстардың опырылып түсуіне, яғни, көшкіндеге әкелуі мүмкін. Жер асты дүмпулері топырақты әлсіретіп, оны тұрақсыз етеді, нәтижесінде үлкен топырақ массалары төменге қарай сырғып түседі. Көшкіндер өз жолында ауылдарды, жолдарды және басқа нысандарды жойып, өзендерді бөгеп, кейіннен су тасқындарына әкелуі мүмкін уақытша су қоймаларын қалыптастырады.

Көшкіндер жауын-шашын немесе орман кесу, тау-кен жұмыстары сияқты адам әрекеттерінің әсерінен топырағы әлсіреген жерлерде ерекше қауіпті. Күшті жер сілкінісі кезінде әлсіреген топырақ кенеттен қозғалысқа келіп, көшкіндердің болжап болмайтын әрі өлімге әкелетін қаупін арттыра түседі.

Өрттер

Жер сілкінісі кезінде өрт тұтану қаупі артады. Ғимараттар мен инфрақұрылымның зақымдануы газ құбырларының немесе электр сымдарының үзілуіне әкелуі мүмкін, бұл өз кезегінде өрт шығуға қауіпті жағдайлар туғызады. Әсіресе, ғимараттар бір-біріне жақын орналасқан халық тығыз шоғырланған аудандарда өрттер тез таралып, тұтас кварталдарды қамтуы мүмкін.

Өрттің тағы бір себебі – жылу жүйелері мен ас үй құрылғыларының зақымдануы. Бұл жер сілкінісі кезінде адамдар үйде немесе жұмыста болғанда туындауы мүмкін. Байланыс және көлік инфрақұрылымдарының бұзылуы өрт сөндірушілердің оқиға орнына жетуін қиындатады. Бұл жағдайды одан әрі ушықтыра түседі.

Мысал: 1906 жылы Сан-Францискодағы жер сілкінісі ғимараттардың қирауына ғана емес, сонымен қатар бүкіл қаланы қамтыған өрттер тізбегінің басталуына себеп болды. Су құбырларының зақымдануына байланысты өртті сөндіру өте қиын болды. Бұл мыңдаған адамның өліміне және қаланың көп бөлігінің қирауына әкелді.

Қалалар мен инфрақұрылымға әсері

Сейсмикалық белсенді аймақтарда орналасқан қалалар жер сілкінісі кезінде күрделі мәселелерге тап болуы мүмкін. Ғимараттардың қирауынан бөлек, көлік жүйесі де зақымданып, қаланың жұмысын толықтай тоқтатуы ықтимал. Әуежайлар, темір жолдар және автожолдардың бүлінуі эвакуацияны және көмек жеткізуді қиындатады.

Сонымен қатар қала инфрақұрылымы — су құбырлары, кәріз жүйелері және энергетикалық желілер — зақымдануы мүмкін. Бұл ауыз суға, электр энергиясына және санитарияға қол жеткізуді қиындатады. Мұндай жүйелерді қалпына келтіру әсіресе күшті жер сілкіністері болған жағдайда бірнеше аптаға немесе тіпті айларға созылуы мүмкін.

Осылайша, жер сілкінісі тек табиғи емес, сондай-ақ адамдардың өмірі мен тұтас қалалардың жұмысына әсер ететін әлеуметтік апат. Жер сілкіністеріне дайындық, сейсмотұрақты құрылыс және ескерту жүйелері қауіпті айтарлықтай азайтып, жер асты дүмпулері кезінде өмірді сақтауға көмектеседі.

Бұған дейін айтқанымыздай, жер сілкінісі — жер қыртысындағы энергияның кенеттен босап шығуынан туындайтын табиғи құбылыс. Бұл тербелістердің күшін бағалау үшін ғалымдар әртүрлі шкалаларды жасады. Олардың ішіндегі ең танымалы — Рихтер шкаласы. Бұл шкала жер сілкінісінің магнитудасын сандық түрде өлшеп, оқиғаның қаншалықты ауқымды болғанын және оның ықтимал салдарын түсінуге мүмкіндік береді.

Рихтер шкаласы деген не?

Рихтер шкаласын 1935 жылы америкалық сейсмолог Чарльз Рихтер ұсынған. Бұл шкала жер сілкінісінің магнитудасын, яғни жер сілкінісі кезінде босатылатын энергия мөлшерін өлшеуге арналған. Магнитуда сейсмографтарда тіркелген сейсмикалық толқындардың амплитудасы негізінде анықталады.

Рихтер шкаласы логарифмдік шкала саналады, яғни әрбір бірлік сейсмикалық толқындар амплитудасының он есе артуына және энергияның шамамен 31,6 есе көбеюіне сәйкес келеді. Мысалы, магнитудасы 6,0 болатын жер сілкінісі магнитудасы 5,0 болатын жер сілкінісінен 10 есе күшті, ал магнитудасы 7,0 болатын жер сілкінісі 5,0 баллдық жер сілкінісінен 100 есе күшті болады.

Жер сілкінісінің магнитудасы баллмен көрсетіледі және оның мәні неғұрлым жоғары болса, дүмпулер соғұрлым күштірек, қирау деңгейі ауқымдырақ деген сөз.

Магнитуда және қирау деңгейін түсіну

Жер сілкінісі магнитуда бойынша жіктеледі және соның негізінде ықтимал қирату деңгейін бағалауға болады. Негізгі магнитуда деңгейлері мен олардың сипаттамалары мыналар:

● Магнитуда 1,0–2,9: Бұл жер сілкінісі микро немесе әлсіз естілетін сілкіністер саналады. Әдетте адамдарға байқалмайды және ешқандай зақым келтірмейді.

● Магнитуда 3,0–3,9: Әлсіз жер сілкінісі. Бұл дүмпулер сезілуі мүмкін, бірақ әдетте зиян келтірмейді. Олар тек эпицентрге жақын жерде байқалады.

● Магнитуда 4,0–4,9: Орташа жер сілкінісі. Мұндай жер сілкінісі жеңіл зақым келтіруі мүмкін және эпицентрден алыста да сезіледі.

● Магнитуда 5,0–5,9: Ауқымды жер сілкінісі. Олар эпицентрге жақын жерде орналасқан ғимараттарға айтарлықтай зақым келтіруі мүмкін. Көп жағдайда қабырғаларда жарықтар пайда болады және жеңіл конструкциялар бұзылады.

● Магнитуда 6,0–6,9: Өте күшті жер сілкінісі. Бұл жер сілкінісі эпицентрден бірнеше ондаған шақырым қашықты да айтарлықтай қирата алады. Тығыз салынған қалаларда салдары ауыр болуы ықтимал.

● Магнитуда 7,0-7,9: Өте ірі жер сілкінісі. Қирау деңгейі ауқымды болып, әсіресе халық тығыз орналасқан аудандарда адам шығынына әкелуі мүмкін. Жолдар, көпірлер және ғимараттар сияқты инфрақұрылымдар толықтай қиратылады.

● Магнитуда 8,0 және одан жоғары: Ерекше күшті жер сілкінісі. Мұндай оқиғалар сирек болады, бірақ олардың салдары өте ауыр болып, үлкен аумақтарды қамтып, ауыр жағдайға және көп адам шығынына әкелуі мүмкін.

Жер сілкіністерінің магнитудасын және Рихтер шкаласын түсіну табиғи құбылыстардың салдары қаншалық ауыр болуы мүмкін екенін ұғынуға көмектеседі. 7 баллдық магнитудадағы жер сілкінісі халық тығыз орналасқан аудандарда көп адам шығынына алып келуі мүмкін айтарлықтай қауіпті құбылыс саналады. Қауіпті түсініп, ықтимал жер сілкінісіне дайындалу адам өмірін сақтап, болашақтағы шығындарды азайтуға ықпал ете алады.

Ғылым жер сілкінісінің уақытын және орнын дәл анықтай алмайтынына қарамастан, жер дүмпуінің жақындап келе жатқанын білдіретін кейбір белгілер бар. Осы сигналдарды дұрыс түсініп, шешуші сәтте дұрыс әрекет ету өміріңізді сақтап қалуы мүмкін. Бұл мақалада біз жер сілкінісінің негізгі белгілерін қарастырып, сейсмикалық белсенділік басталған жағдайда не істеуге болатынын айтамыз.

Жер сілкінісінің жақындағанын білдіретін белгілер

Жер сілкінісі күтпеген жерден басталуы мүмкін, бірақ кейде оның алдын ала белгілері негізгі дүмпулерден бірнеше секунд немесе минут бұрын байқалады. Назар аударатын кейбір белгілер:

Аяқ астындағы діріл

Жер сілкінісінің алғашқы белгілерінің бірі — аяқ астынан жеңіл діріл немесе тербелістің пайда болуы. Бастапқыда байқалмайтындай тербеліс болғанымен, әр сәт сайын күшеюі мүмкін. Жер бетінің тұрақсыздығын немесе ерекше дірілді сезсеңіз, қатты дүмпулерге дайын болыңыз.

Заттардың тербелуі

Ғимарат ішінде ілулі тұрған заттар, мысалы, люстралар, картиналар немесе перделер тербеле бастаса, бұл жер сілкінісінің басталу белгісі болуы мүмкін. Сондай-ақ, үстел үстіндегі шыныаяқтар мен телефон секілді ұсақ заттардың себепсіз қозғалғанына да назар аударыңыз.

Оғаш дыбыстар

Жер сілкінісі гуіл немесе шу секілді дыбыстармен қатар жүруі мүмкін. Бұл дыбыстар жер астынан немесе дірілдей бастаған ғимараттардан шығуы ықтимал. Қабырғаларда, жиһазда немесе әйнекте күтпеген жарықтардың пайда болып, сықырлауы да жақындап келе жатқан дүмпудің белгісі болуы мүмкін.

Жануарлардың мінез-құлқының өзгеруі

Иттер, мысықтар, құстар, тіпті жәндіктер сияқты көптеген жануар жер сілкінісінің жақындағанын бірнеше минут бұрын сезе алады. Үй жануарларыңыздың әдеттен тыс әрекетін немесе құстардың жаппай көшкенін байқасаңыз, бұл жақындап келе жатқан сейсмикалық жағдайдың белгісі болуы мүмкін.

Жер сілкінісі басталса, не істеу керек? Жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік ережелері

Жер сілкінісі басталғанда, уақыт шешуші рөл атқарады. Жылдам әрекет ету арқылы өзіңізді және айналаңыздағы адамдарды қорғау мүмкіндігі артады. Жер сілкінісі кезінде аман қалуға көмектесетін қарапайым, бірақ тиімді кеңестерді ұсынамыз:

Орыныңызда қалып, қауіпсіз жер табыңыз

Жер сілкінісі кезінде ең маңызды кеңес — сабыр сақтап, орыныңыздан қозғалмай, қауіпсіз жер табу. Ғимарат ішінде болсаңыз, дереу тығылатын жер іздеңіз:

  • Үстелдің немесе берік жиһаздың астына кіріңіз: Бұл құлайтын заттар мен сынықтардан қорғайды.
  • Терезелерден аулақ болыңыз: Әйнектер сынуы мүмкін, бұл жарақатқа алып келеді.
  • Басыңыз бен мойныңызды қолдарыңызбен жабыңыз: Бұл маңызды дене мүшелеріңізді соққыдан және сынықтардан қорғайды. Тығылатын орын болмаса, бөлменің бұрышында, терезелер мен ауыр жиһаздан алыс жерде тұрыңыз.

Ғимарат ішінде болыңыз

Ғимарат ішінде болсаңыз, дүмпулер аяқталғанға дейін сыртқа шықпаған дұрыс. Жер сілкінісі кезінде көшеге шығу қауіпті, себебі ғимараттардың қабырғалары, сынған әйнектер мен электр сымдары құлауы мүмкін.

Көшеде болсаңыз — ашық жер табыңыз

Жер сілкінісі кезінде көшеде болсаңыз, ғимараттардан, көпірлерден, бағаналардан және құлауы мүмкін кез келген басқа құрылыстардан алысырақ кетуге тырысыңыз. Жарақат алу қаупі ең төмен болатын ашық жер табыңыз.

Газ бен электр қуатын өшіріңіз

Жер сілкінісі кезінде үйде болсаңыз, газды, электр қуатын және суды тез арада өшіріңіз.

Лифті пайдаланбаңыз

Көпқабатты ғимаратта болсаңыз, эвакуация үшін лифтіні пайдаланбаңыз. Лифт тоқтап қалуы немесе электр желілері мен ғимараттың зақымдануынан жұмысын тоқтатуы мүмкін.

Жер сілкінісіне қалай дайындалу керек?

Жер сілкінісі кезінде өзіңізді қорғаудың ең жақсы жолы — алдын ала дайындалу. Төмендегі қарапайым қадамдар сейсмикалық белсенділік кезінде қауіпті азайтып, сабыр сақтауға көмектеседі:

Отбасыңызбен әрекет жоспарын құрыңыз

Отбасы мүшелерімен жер сілкінісі кезінде қалай әрекет ету керек екенін талқылаңыз. Үйде қауіпсіз орындарды анықтап, эвакуация қажет болса, кездесу орнын белгілеңіз.

Авариялық комплект дайындаңыз

Үйде бірінші кезекте қажет болатын заттар жиынтығын сақтаңыз. Оған: шам, батарейкалар, алғашқы көмек жинағы, су, азық-түлік, құжаттар, ысқырық және қосалқы кілттер кіруі керек. Бұл жер сілкінісінен кейінгі алғашқы сағаттарда қажет болуы мүмкін.

Жиһаз бен ауыр заттарды бекітіңіз

Толқулар кезінде құламас үшін, шкафтарды, сөрелер мен басқа ауыр жиһаздарды алдын ала бекітіңіз. Ауыр заттарды жоғарыдан төменгі сөрелерге ауыстырыңыз, осылайша жарақат алу қаупін азайтасыз.

Қауіпсіз эвакуация маршруттарын зерттеңіз

Көпқабатты үйде тұрсаңыз немесе үлкен кеңседе жұмыс істесеңіз, жақын орналасқан есіктерді анықтап, қауіпсіз эвакуация маршруттарын үйреніңіз. Бұл сізге ғимараттан тез және қауіпсіз шығуға көмектеседі.

Қорытынды

Жер сілкінісі туралы білім мен оның белгілерін тану табиғи апат кезіндегі қауіпсіздіктің және қауіпті азайтудың маңызды аспектілері. Жер сілкінісі күтпеген жағдайда болуы мүмкін, бірақ дұрыс дайындық пен ақпараттану өміріңізді сақтап қалуға көмектеседі. Дүмпулер кезіндегі әрекеттерді, өзіңізді және жақындарыңызды қорғау және қауіпті салдарларды азайту жолдарын түсіну  – әсіресе сейсмикалық белсенді аймақтарда тұратын әр адам білуге тиіс маңызды мәселелер.

Жер сілкінісіне дайындық үйдің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен ғана шектелмейді; ол отбасыңыз үшін нақты іс-қимыл жоспарын құруды, авариялық жиынтықты дайындауды және маңызды сәтте не істеу керек екенін түсінуді қамтиды. Дайындықты неғұрлым ерте бастасаңыз, сәтті нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігіңіз соғұрлым артады. Дұрыс әрекет ету жарақат пен зақымдалу қаупін едәуір төмендете алады.

Qlever командасы қызықты мақалалар жазып, маңызды білім беру материалдары мен құралдарын ұсынады. Олар қазіргі өміріңіздің маңызды аспектілерін игеруге көмектеседі. Платформамыз жастардың білім деңгейін арттыруға бағытталған және тез өзгеріп жатқан әлемде бағыт табуға жол нұсқайды. 

 

Бұл ақпараттық-танымдық платформа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан жастарына арналған.

Платформа серіктес елдер заңнамасы талаптарын ескере отырып әзірленген. Платформада қолданылатын барлық мысалдар тек оқу мақсатында келтіріледі және заңға қайшы келуді көздемейді. Платформаны қолдана отырып, Сіз өз түсінуіңізді растайсыз және жоғарыда аталған мақсат-міндеттермен келісесіз.