Дождитесь окончания загрузки
Модальное окно "Дорогой друг, прими участие в опросе"
preview Артқа

Сталкинг деген не және одан қалай қорғануға болады

09.12.2024 • 05:05

Сталкинг туралы естіген боларсың, бірақ оның қаншалықты маңызды мәселе екенін ойламаған шығарсың. Сталкинг — адамды шынайы өмірде немесе интернетте жүйелі түрде қудалау. Әдетте ол зиянсыз болып көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде, сталкинг адамның өміріне психологиялық және физикалық тұрғыда қатты әсер етеді.

Бұл мақалада сталкингтің не екенін, оны қалай анықтауға болатынын және одан қорғану жолдарын қарастырамыз. Ұсынылған ақпарат өзіңді және жақындарыңды қорғауға көмектеседі.

Өмірден алынған мысал

Мынаны елестетіп көріңіз: әлеуметтік желіде жаңа танысыңды қостың. Ол саған жағымды, ашық-жарқын адам сияқты көрінді. Бұл жағдай кез келген адамға — ұлға да, қызға да қатысты болуы мүмкін. Алайда, бірнеше күн өткен соң, «Неге жауап бермейсің?», «Кеше қайда болдың?», «Кіммен болдың?» секілді үнемі мазалайтын хабарламалар ала бастайсың. Бұл адам әр суретіңе лайк қойып, барлық жазбаңа пікір қалдырады, тіпті достарыңнан қайда жүргеніңді анықтауға тырысады.

Алғашында бұл оғаш әрекет болып көрінуі мүмкін. Бірақ уақыт өте келе, бұл әрекет сені қорқыта бастайды. Ол тұратын жеріңді білетінін айтып, келемін деп қорқытады. Бұл жағдай — жеке шекараңды бұзып, өзіңді ыңғайсыз әрі қауіпті сезінуге мәжбүр ететін сталкингтің классикалық мысалы.

Сталкинг деген не?

Сталкинг – адамның жүйелі түрде қудалауға ұшырауы. Ол әртүрлі әрекеттер арқылы көрініс табуы мүмкін: қоңыраулар, аңду, қорқыту немесе интернеттегі шамадан тыс назар аудару. Бұл жай ғана оғаш немесе ыңғайсыз әрекет емес. Сталкинг – үлкен қауіп. Ол тіпті физикалық қатерге айналуы мүмкін.

Сталкинг түрлері

Офлайн-сталкинг

Шынайы өмірде жасалатын қудалау. Мысалы: мектептен үйге қайтып бара жатқан жолда біреу сені аңдып жүреді, үйіңе келеді немесе сен жиі баратын жерлерде пайда бола береді.

Киберсталкинг

Бұл интернеттегі қудалау түрі. Мысалы, біреу ондаған хабарлама жіберіп, жауап беруіңді талап етеді, аккаунттарыңды бұзуға тырысады, жеке мәліметтеріңді пайдаланып, қорқытуға немесе бопсалауға ұмтылады.

Сталкинг неге қауіпті?

Сталкинг – бұл жай ғана жеке кеңістіктің бұзылуы емес. Сонымен қатар оның ауыр психологиялық зардабы болуы мүмкін. Ол қатты стресс пен мазасыздық тудырып, психикалық денсаулыққа теріс әсер етеді. Тұрақты бақылаудан туындайтын күйзеліс оқуға, достармен қарым-қатынасқа және өмірден ләззат алуға кедергі жасайды.

Кей жағдайларда сталкерлер агрессивті әрекетке көше бастайды. Бұл физикалық зорлық-зомбылыққа әкелуі мүмкін. Мұндай әрекеттер қудалаушының құқықтық мәселелерге тап болуына да себеп болуы мүмкін.

Сталкингті қалай тануға болады?

Сені қудалап жүргенін ерте анықтау маңызды. Төмендегі белгілерге назар аудар:

  • Жиі және сенің қалауыңсыз байланысқа шығу: Қоңыраулар, хабарламалар немесе хаттар тоқтатуын сұрасаң да жалғаса береді.
  • Аңду: Біреу сенің жиі болатын жерлеріңде еш себепсіз бара береді.
  • Ақпарат іздеу: Сталкер сен туралы ақпаратты достарыңнан сұрап, интернет арқылы іздейді.
  • Қоқан-лоққы мен манипуляция: Мысалы, «Жауап бермесең, құпияларыңды айтамын» немесе «Қайда тұратыныңды білемін» деген секілді сөздер айтылады.

Жағдайдың мысалы

Интернетте біреумен таныстың делік. Басында достық ниетте сөйлесесің, бірақ уақыт өте келе ол адам тым жеке сұрақтар қоя бастайды: «Қайда оқисың?», «Достарың кім?», «Кіммен қыдырасың?». Оның хабарламаларын елемей бастасаң, ол саған қоқан-лоққы жасап, бопсалауы мүмкін. Бұл – киберсталкингтің классикалық мысалы.

Сталкингке қалай қарсы тұруға болады?

Сталкингке тап болғаныңды түсінсең, дереу әрекет ету маңызды. Мәселені елемей жүрме, өйткені ол ушығып кетуі мүмкін.

Интернеттегі қорғаныс:

  • Әлеуметтік желілерді парақшаларыңды жабық күйге ауыстыр: Профильдеріңді тек достарың көре алатындай етіп қой.
  • Қудалаушыны бұғатта: Instagram немесе TikTok сияқты платформаларда қажетсіз пайдаланушыларды оңай бұғаттауға болады.
  • Құқық бұзушылық туралы хабарла: Әлеуметтік желілерде агрессивті немесе басқыншы әрекеттерге шағымдану функциясы бар.

Шынайы өмірдегі әрекет ету жолдары

  • Арандатуға жауап берме: сталкер саған жазса немесе сөйлесуге тырысса, ешқандай реакция білдірме.
  • Көмек сұра: Мәселеңді ата-анаңа, мұғалімдеріңе немесе басқа сенімді ересектерге айтып бер.
  • Полицияға хабарла: сталкер саған қауіп төндірсе немесе шынайы өмірде аңдыса, дереу құқық қорғау органдарына жүгін.

Өзіңді алдын ала қалай қорғауға болады?

Сталкинг жағдайын болдырмау үшін алдын ала келесі сақтық шараларын қолдан:

  • Жеке ақпаратыңды интернетте жариялама: Мекенжайыңды, телефон нөміріңді немесе отбасы туралы мәліметтерді бөліспе.
  • Күрделі құпия сөздерді қолдан: Бұл аккаунтыңды бұзудан қорғайды.
  • Жаңа таныстықтарға сақ бол: біреу өте көп сұрақ қойса немесе шамадан тыс табанды болса, онымен қарым-қатынасты шектеуге тырыс.

Эмоцияларды қалай басқаруға болады?

Сталкинг тек қауіп төндіріп қана қоймай, эмоциялық ауыртпалық әкелуі мүмкін. Мұнымен күресу үшін мына әрекеттерді орында:

  • Өзіңді кінәлі сезінбе: Бұл жағдай сенің кінәң емес. Сталкердің мінез-құлқына сен жауапты емессің.
  • Жақындарыңмен сөйлес: сезімдерің мен уайымдарыңды достарыңмен, ата-анаңмен немесе сенім білдіретін ересектермен бөліс.
  • Қолдау тап: сен үшін жағдай тым ауыр болса, психологқа жүгін немесе жасөспірімдерге арналған қолдау желілерінен көмек сұра.

Сталкинг – әр адам тап болуы мүмкін проблема. Біреу сенің жеке шекараларыңды бұзып жатса, міндетті түрде әрекет ет. Бұл туралы өзің сенетін ересектерге айт немесе мамандардан көмек сұра.

Есіңде болсын: Сталкинг – қалыпты жағдай емес. Сен қауіпсіздікке, тыныштыққа және жеке шекараларыңа құрмет көрсетілуіне лайықсың. Осындай жағдайға тап болсаң, жеке деректеріңді қорға, сталкермен ешқандай байланыс орнатпа және көмек сұраудан қорықпа.

Қиын жағдайларды қалай еңсеруге болатынын және өзіңді қорғау жолдарын білгің келсе, Qlever білім беру платформасы саған қарым-қатынас жасау, мәселелерді шешу және өзіңді қорғау дағдыларын дамытуға көмектеседі. Білім – қауіпсіздіктің ең мықты қаруы. Qlever-де өз дағдыларыңды жетілдіріп, кез келген жағдайда сенімді бол!

Бұл ақпараттық-танымдық платформа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан жастарына арналған.

Платформа серіктес елдер заңнамасы талаптарын ескере отырып әзірленген. Платформада қолданылатын барлық мысалдар тек оқу мақсатында келтіріледі және заңға қайшы келуді көздемейді. Платформаны қолдана отырып, Сіз өз түсінуіңізді растайсыз және жоғарыда аталған мақсат-міндеттермен келісесіз.