Дождитесь окончания загрузки
Модальное окно "Дорогой друг, прими участие в опросе"
preview Артқа

Жасанды интеллект деген не? Оңай түсіндіреміз

17.12.2024 • 13:32

Кейінгі жылдары жасанды интеллект (ЖИ) күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Қосымшалардағы ақылды ұсыныстардан бастап автоматты аудармашыларға дейін — ЖИ барлық жерде бар. Бірақ ол не өзі? Ол қалай жұмыс істейді? Ол неліктен соншалықты маңызды? Осы сұрақтарды бірге талдап көрейік.

Жасанды интеллект (ЖИ) деген не?

Жасанды интеллект — компьютерлердің әдетте адам ақылын қажет ететін тапсырмаларды орындау қабілеті. Бұл сөйлеуді тану, шешім қабылдау немесе тіпті шығармашылық болуы мүмкін. Қарапайым тілмен айтқанда, ЖИ — компьютерлерде жұмыс істейтін, ойлап үйренетін және шешім қабылдайтын ми.

Жасанды интеллект түрлері

  1. Тар ЖИ (Narrow AI): Белгілі бір нақты тапсырмаларды орындайды, мысалы, шахмат ойнау немесе бет-әлпетті тану.
  2. Жалпы ЖИ (General AI): Гипотетикалық деңгей, мұнда ЖИ кез келген міндетті адам сияқты орындай алады.
  3. Супер ЖИ (Super AI): Барлық салада адамнан асып түсетін жасанды интеллект (әзірге тек тұжырымдама).

Мысал. ЖИ — сізден үлгі алып, үйренетін оқушы деп елестетіңіз. Мысалы, навигациялық қосымшаны пайдаланған кезде, ЖИ маршруттарды есте сақтайды, кептелістерді талдайды және ең қолайлы жолды ұсынады.

ЖИ қалай жұмыс істейді?

Жасанды интеллект жұмысының негізінде деректер жатыр. Ол үлкен көлемдегі ақпаратты талдап, заңдылықтарды табу және шешім қабылдау үшін қолданылады. Бұл үшін машинаны оқыту алгоритмдері — тәжірибемен жетілдірілетін бағдарламалар қолданылады.

ЖИ жұмысының негізгі әдістері

● Машинаны оқыту (Machine Learning). ЖИ үлкен деректер негізінде оқытылады.
Тереңдетілген оқыту (Deep Learning). Күрделі деректерді талдау үшін нейрондық желілерді қолданады.
Табиғи тілді өңдеу (NLP). ЖИ-ге мәтін мен сөйлеуді түсінуге көмектеседі.
Робототехника (Robotics). ЖИ-ді роботтар сияқты құрылғыларға енгізіп, физикалық тапсырмаларды орындауға бағыттайды.

ЖИ жұмысының мысалы

Дауыс көмекшілері. Siri, Alexa және Google Assistant — командаларды түсініп, контекстті талдайтын, әрекеттерді орындайтын ЖИ мысалдары.
Киберқауіпсіздік. ЖИ желілердегі аномалияларды анықтап, кибершабуылдардың алдын алу үшін қолданылады.

Ойындардан мысал: Стратегия немесе атыс ойынын ойнағанда, ЖИ сіздің әрекеттеріңізді есте сақтайды. Мысалы, сіз үнемі оң жақтан шабуылдасаңыз, ЖИ оны болжап, сол бағытқа қорғаныс қояды. Жарыс ойындарында ЖИ жүргізуді үйреніп, сізге қарсылас ретінде күрделене түседі.

ЖИ күнделікті өмірде қай жерде қолданылады?

Жасанды интеллект қазірдің өзінде әсіресе жасөспірімдер мен жастар үшін күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды. Бірнеше мысалдар келтіре кетсек:

Ұсыныстар

ЖИ алгоритмдері қызығушылықтарыңызды талдап, сізге ұнайтын контентті ұсынады. Мысалы, спорт туралы бейнелер көрсеңіз, соған ұқсас қосымша видеоларды ұсынады.

Бейнеойындар

Сіздің тактикаңызды меңгеретін қарсыластар немесе ақылды одақтастар — мұның бәрі ЖИ жұмысы. Мысалы, стратегиялық ойындарда ЖИ сіздің қадамдарыңызға бейімделеді, ал футбол симуляторларында команданың нақты тактикасын жасайды.

Фильтрлері бар қосымшалар

Instagram немесе Snapchat сияқты бағдарламалар ЖИ-ді бет-әлпетті тану және фильтрлерді қосу үшін пайдаланады.

Медицина

ЖИ науқастардың мәліметтері мен суреттерін талдай отырып, ауруларды диагностикалауға көмектеседі. Мысалы, онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтау үшін суреттерді талдау қолданылады.

Көлік

Tesla және басқа да автокөліктердегі автопилоттар ЖИ-ді жолдарды талдау, жағдайды болжау және шешім қабылдау үшін пайдаланады.

Қаржы

ЖИ алаяқтықтың алдын алуға, клиенттердің несие төлеу мүмкіндігін талдауға және тіпті инвестицияларды басқаруға көмектеседі.

Білім беру

ЖИ бағдарламалары оқу материалдарын оқушының қажеттіліктеріне бейімдейді. Мысалы, онлайн оқыту платформалары жеке курстар мен жаттығулар ұсынады.

Өнер мен шығармашылық

ЖИ музыка жазады, мәтіндер құрастырады, тіпті суреттер жасайды. Мысалы, DALL-E немесе ChatGPT сияқты бағдарламалар бірегей шығармашылық жұмыстарды атқара алады.

Тәуекелдер мен этикалық аспектілер

Жасанды интеллект (ЖИ) үлкен мүмкіндіктер ашқанымен, белгілі бір қауіптері де бар.

Негізгі қауіптер

Жұмыс орындарының қысқаруы. Автоматтандыру қол еңбегін алмастыруы мүмкін. Алайда медицина, инженерия немесе дизайн сияқты жоғары біліктілікті және шығармашылық көзқарасты талап ететін кейбір мамандықтарды автоматтандыру қиын. Бұл салаларда терең білім мен стандарттан тыс ойлау қажет.
Деректер құпиялығы. ЖИ жеке деректерді талдайды, бұл кейде қауіпті болуы мүмкін.
Этикалық мәселелер. Мысалы, автопилот апаттық жағдайда қандай шешім қабылдауы керек?
● Екіұдай нәтижелер. Мысалы, алгоритмдер оқыту деректерінің сапасына байланысты біржақты болуы мүмкін.
Мамандар тапшылығы. ЖИ-ді құру және қызмет көрсету үшін жоғары біліктілік қажет. Бұл саладағы мамандардың жетіспеушілігі технологиялардың дамуын бәсеңдетіп, алгоритмдердегі қателіктердің үлкен салдары болуы мүмкін.

Мәселелерді шешу

Тәуекелдерді азайту үшін заңнамалық реттеуді дамыту, технологиялардың ашықтығын арттыру және пайдаланушыларды оқыту қажет.

Сондай-ақ белгілі бір саладағы терең білім сізді ешкім алмастыра алмайтын маман етеді. Мысалы, медицина, бағдарламалау, дизайн немесе басқа кез келген салада сарапшы болсаңыз, жасанды интеллект сіздің тәжірибеңіз бен стандарттан тыс ойлау қабілетіңізді алмастыра алмайды. Жасөспірімдер үшін бұл – үнемі білім алу, дағдыларды дамыту және өзіңізді үздік етіп көрсететін ерекше орныңызды табу керек екенін көрсетеді. Сонымен қатар ЖИ-мен жұмыс істей алатын мамандарды даярлауға және білімге инвестиция салу өте маңызды.

Жасанды интеллекттің маңызы мен даму перспективалары

Жасанды интеллект бүгіннің өзінде өмірімізді жеңілдетіп келеді. Алайда оның әлеуеті әлдеқайда кең.

Ақылды технологиялар

ЖИ роботтардан бастап ақылды үйлерге дейін инновациялық құрылғыларды жасауға көмектеседі. Мысалы, робот-шаңсорғыштар бөлмені өздері талдап, тазалау маршрутын жоспарлайды.

Жаңа мамандықтар

ЖИ әзірлеушілері, ЖИ қолданатын ойын дизайнерлері, үлкен деректер бойынша мамандар – бұл тек бастамасы. Қазірдің өзінде компаниялар ЖИ-ді үйрете алатын сарапшыларды іздеп жатыр.

Білім және ғылым

Жасанды интеллект зерттеулерді жеделдетуге, білім беруге көмектесіп, тіпті оқыту үдерісін жекелендіре алады. Мысалы, Duolingo сияқты тіл үйрену қосымшалары ИИ-ді қолданып, сабақтарды сіздің деңгейіңізге бейімдейді.

Экология

ЖИ қоршаған ортаны бақылау, климаттың өзгеруін талдау және тұрақты даму шешімдерін әзірлеу үшін қолданылады.

Болашақ

Болашақта сізге оқуда, үйде немесе жұмыста көмек көрсететін робот жасай алатыныңызды елестетіп көріңізші. Мысалы, бұл қалауларыңызды есте сақтап, күнделікті тапсырмаларды оңтайландыратын ақылды көмекші болуы мүмкін.

Жасанды интеллект – әлемді өзгертіп жатқан құрал. Оның қалай жұмыс істейтінін түсіну көп мүмкіндікке жол ашады. Бәлкім, сіз жаңа ақылды көмекші немесе ерекше ЖИ бар ойын жасайтын адам болуыңыз мүмкін. Қызығыңыз,  үйреніңіз және технологиямен бірге алға қадам басыңыз!

Qlever платформасынан технологиялар, ЖИ және басқа да қызық тақырыптар бойынша көптеген ақпарат таба аласыз. Зерттеңіз, жаңа білім алыңыз және болашақты өзгертетін қауымдастықтың бір бөлігі болыңыз. 

 

Бұл ақпараттық-танымдық платформа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан жастарына арналған.

Платформа серіктес елдер заңнамасы талаптарын ескере отырып әзірленген. Платформада қолданылатын барлық мысалдар тек оқу мақсатында келтіріледі және заңға қайшы келуді көздемейді. Платформаны қолдана отырып, Сіз өз түсінуіңізді растайсыз және жоғарыда аталған мақсат-міндеттермен келісесіз.