Буллинг деген не?
Буллинг – агрессивті мінез-құлықтың бір түрі. Онда бір адам немесе топ басқа адамды қудалап, қорлап немесе мазақ етеді. Кейде оны «қудалау» деп те атайды және бұл жағдай тек мектепте ғана емес, интернетте, спортта, достар арасында немесе тіпті жұмыс орнында да болуы мүмкін. Буллинг кездейсоқ дау немесе келіспеушілік емес екенін түсінген жөн. Ол тұрақты, ұзақ уақытқа созылатын және жәбірленушіге ауыртпалық пен азап әкелетін әрекет.
Буллинг әртүрлі формада болуы мүмкін және оны уақытында анықтау керек. Бұл тек өзіңізді қорғау үшін ғана емес, басқаларға да көмек көрсету үшін қажет. Бұл мақалада буллингтің не екенін, оның белгілерін, пайда болу себептерін және онымен күресу жолдарын талдаймыз.
Буллинг түрлері
Буллинг әртүрлі формада көрінуі мүмкін:
- Мазақтау және қорлау — Бұл буллингтің ең кең тараған түрі. Агрессорлар жәбірленушінің сырт келбетін, мінез-құлқын немесе басқа да ерекшеліктерін үнемі мазақ етіп, қорлап, оның эмоциялық тұрғыда азап шегуіне әкеледі. Мазақтау тек нақты өмірде ғана емес, әлеуметтік желілер арқылы да болуы мүмкін.
- Қоқан-лоқы көрсету — Біреу физикалық зорлық-зомбылық жасаймын деп немесе басқа да салдарларымен қорқытса, бұл да буллингтің бір түрі саналады. Қоқан-лоқы ашық немесе жасырын болуы мүмкін, бірақ әрқашан жәбірленушіні қорқытуға бағытталады.
- Физикалық зорлық-зомбылық — Бұл буллингтің ең айқын және қауіпті түрі. Бұл жәбірленушіні итеру, ұру, ұстап алу немесе басқа да физикалық зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы қорлау.
- Оқшаулау — Бұл кезде агрессорлар жәбірленушіні ортақ іс-шаралардан, достар тобынан шеттетіп, оны қажетсіз және жалғыз сезінуге мәжбүр етеді. Оқшаулау жалғыздық пен тастанды болу сезімін тудыратындықтан, әсіресе ауыр тиеді.
- Кибербуллинг — Буллингтің бұл түрі интернетте жүзеге асады. Ол әлеуметтік желілер, мессенджерлер және басқа онлайн платформалар арқылы қорқыту, қорлау немесе жалған ақпарат тарату сияқты әрекеттерді қамтиды. Кибербуллинг одан да қиынырақ болуы мүмкін, себебі жәбірленуші виртуалды әлемнен «қашып құтыла алмайды» және үнемі қысымға тап болады.
Буллинг неге туындайды?
Адамдардың буллингке баруының бірнеше себебі бар. Олардың негізгілеріне тоқталып өтейік.
- Агрессордың өзін-өзі төмен бағалауы — Көптеген агрессор өзінің сенімсіздігі мен өзін-өзі төмен бағалайтынын жасыру үшін зорлық-зомбылық немесе қорлауға жүгінеді. Бұл – өздерін маңыздырақ және күшті сезінудің тәсілі. Олар өз әрекеттерінің басқа адамдарға зиян келтіретінін түсінбеуі мүмкін.
- Билік сезімін қалауы — Кейбір жасөспірімдер топта үстемдік орнату үшін буллингті қолданады. Мұндай жағдайларда олар басқаларды бақылауға алып, өздерін жоғарырақ әрі маңыздырақ сезінеді.
- Қоршаған орта немесе мәдениеттің ықпалы — Кейде буллинг қоршаған ортаның ықпалымен пайда болады. Бұл отбасындағы зорлық-зомбылық немесе қатаң норма болып қабылданатын атмосфера, не болмаса мектептегі немесе достар арасындағы агрессиялы әлеуметтік ойынның бір бөлігіне айналған орта болуы мүмкін.
Куәгерлердің рөлі: олар буллингті қалай қолдайды немесе қалай тоқтата алады?
Буллинг тек жәбірленуші мен агрессордың мәселесі емес екенін ұмытпау керек. Көп жағдайда буллинг куәгерлердің – оқиғаны көріп, бірақ араласпайтын адамдардың қатысуымен жүзеге асады. Куәгерлердің буллингпен күресудегі рөлі өте маңызды.
Буллингке куә болсаңыз, әрекетіңіз агрессияны күшейтуі немесе оны тоқтатуы мүмкін. Жай ғана күлу, агрессорды қолдау немесе еш әрекет жасамау жағдайды мақұлдағандай көрінуі мүмкін. Бұл сізді жанама түрде қолдаушыға айналдырады. Көмек көрсету үшін араласу қажет – бұл міндетті түрде физикалық емес, моральдық тұрғыдан қолдау көрсету болуы мүмкін. Жәбірленушіні міндетті түрде қолдаңыз және оқиға туралы ересектерге – ата-аналарға, мұғалімдерге немесе психологтарға хабарлаңыз.
Буллингті қалай анықтауға болады?
Буллингті жәбірленуші мен агрессордың мінез-құлқындағы бірқатар белгі арқылы анықтауға болады.
Жәбірленушінің буллингке тап болғандағы белгілері:
- Оқшаулану – жәбірленуші қарым-қатынастан қашқақтайды, мектепке барғысы келмейді немесе достарымен кездесуден бас тартады.
- Мектепке барудан қорқу – бала немесе жасөспірім күннен күнге оқу орнына барудан қатты қорқа бастаса, бұл буллингтің белгісі болуы мүмкін.
- Жаман көңіл-күй – бұрын көңілді болған адамның енді үнемі мұңайып, ашуланып немесе қайғылы күйде жүруі буллингтің әсері болуы ықтимал.
- Оқу үлгерімнің төмендеуі – буллингке байланысты уайымдау сабаққа зейін қоюға кедергі келтіріп, нәтижесінде оқу үлгерімінің нашарлауына әкелуі мүмкін.
Буллингтің агрессорға тән белгілері:
- Агрессивті мінез-құлық – агрессорлар қатігездік көрсетіп, айғайлап, қорқытып немесе басқа адамдарды қорлайды.
- Кемсіту – олар үнемі басқа адамдарды мазақтап, оларды қорлайды.
- Қорлау әрекеттері – мұндай адамдар басқа адамдардың әлсіз жақтарын көрсетіп, өздерін күшті сезінуге тырысады.
Әзіл мен буллингті қалай ажыратуға болады?
Адамның жеке қасиеттеріне, сыртқы келбетіне немесе мінез-құлқына қатысты әзілдер әрдайым буллинг бола бермейді. Бірақ бұл әзілдер ұзақ уақыт бойы қайталанып, жәбірленушінің жанын ауыртып, жағымсыз сезімдер туғызса, онда бұл буллингке айналады. Әзіл мен буллингтің айырмашылығы мынада: әзіл басқа адамға терең эмоциялық зиян тигізбейді, ал буллинг оның шекарасын бұзып, зиян келтіреді.
Буллингке тап болсаңыз, не істеу керек?
Если ты столкнулся с буллингом, важно знать, что ты не один и есть способы справиться с этим. Вот несколько практических советов:
Буллингке тап болсаңыз, жалғыз емес екеніңізді және бұл мәселені шешуге болатын білген жөн. Бірнеше практикалық кеңес ұсынамыз:
Жәбірленушіге арналған кеңестер:
- Жалғыз қалмаңыз – ата-анаңыздан, мұғалімдерден немесе достарыңыздан қолдау табыңыз. Бұл мәселені өз бетіңізше шешуге тырыспаңыз.
- Провокацияларға назар аудармаңыз – мүмкін болса, қорлаулар мен мазаққа мән бермеуге тырысыңыз. Бұл оңай емес, бірақ агрессорлар әсер ете алмайтындарын көрген жағдайда көбіне әрекеттерін тоқтатады.
- Буллинг жағдайларын құжаттаңыз – буллинг интернетте болса, скриншот жасаңыз, хат алмасуларды немесе бейнематериалдарды сақтаңыз. Бұл жағдайды ата-аналарға немесе құқық қорғау органдарына хабарлаңыз.
Куәгерге арналған кеңестер:
- Агрессорды қолдамаңыз – тіпті жай ғана күліп немесе үнсіз қалсаңыз да, бұл агрессорға қолдау көрсеткенмен тең. Өз ұстанымыңызды көрсетіңіз.
- Жәбірленушіні қолдаңыз – моральдық немесе физикалық түрде жәбірленушіні қорғаңыз.
- Ересектерге хабарлаңыз – мұғалімдерге немесе ата-аналарға болған жағдайды айтыңыз. Олар тиісті шараларды қолдана алады.
Буллингтің алдын алу жолдары
Буллингтің алдын алу әр адамның өзін қауіпсіз сезінетін қолдаушы орта құрудан басталады. Оған мына әрекеттер көмектеседі:
- Балалар, жасөспірімдермен жұмыс істеу – балалармен буллинг туралы ашық сөйлесу, оны қалай тануға болатынын және онымен күресу жолдарын үйрету маңызды.
- Ата-аналар мен мұғалімдердің рөлі – ересектер буллингтің белгілерін байқап, қажетті кезде араласуға дайын болуы қажет.
- Өзін-өзі бағалауды дамыту – өзіне деген сенімділік пен құрметті арттыру буллингтің алдын алуға көмектеседі.
Буллинг мысалдары
1-мысал: Мектептегі мазақ ету
Айша 10-сыныпта оқиды. Оның бірнеше досы бар, бірақ ол сыныптастарынан ерекшеленеді. Айшаның шашы ұзын, көзілдірік тағады және соңғы уақытта кітаптар мен ғылым туралы блогтарға қызығып жүр. Үзілістерде оны жиі мазақтайды: балалар оны «кәрі әже сияқты» немесе оның жасы мен оқыған кітаптарына қарап «оқымысты» деп әзілдейді. Айша бұған назар аудармауға тырысады, бірақ әр жолы ауыр сөздерден жүрегі шаншып кетеді. Ол мұғаліміне айтпайды, себебі оны түсінбейді деп ойлайды. Мазақ күн сайын қайталанып, оның көңіл-күйі барған сайын нашарлап барады. Бұл – мектепте адамның ерекшелігіне байланысты жүйелі түрде болатын жағдайының типтік мысалы.
2-мысал: Әлеуметтік желідегі кибербуллинг
Темір – Instagram-ның белсенді қолданушысы. Оның 500 жазылушысы бар. Ол суреттер жариялап, өз қызығушылықтарын бөліседі, тіпті әртүрлі онлайн-челлендждерге қатысады. Алайда Темір мектептегі танымал трендке қарсы пікір білдіргеннен кейін, оған дөрекі сөздер айтыла бастайды. Оның суреттерінің астына оны «сатқын» деп атаған және «мектептің намысын түсіріп жүр» деп айтқан хейт пікірлер жазылады. Мектеп өміріне арналған топтардың бірінде Темір туралы жалған қауесеттер тарала бастаған. Оны «ақымақ» және «дамымаған» деп атаған. Темір өзін жалғыз сезінеді, психологиялық жағдайы нашарлап, интернетте де ойын айта алайтынына уайымдайды. Бұл – агрессорлар интернет арқылы өз құрбанын қорлап, қудалайтын кибербуллингтің айқын мысалы.
3-мысал: Спорттық командадағы оқшаулану
Сайфулло жақында жаңа мектепке ауысып, футбол үйірмесіне бара бастады. Ол ең мықты ойыншы болмағанымен, барын салып, жаттығуларда жақсы нәтиже көрсететін. Алайда, көп ұзамай оны ойынан шеттете бастады: басқа балалар оның гол соғуға тырысқан әрекеттерін мазақ етіп, физикалық дайындығына күлді. Жаттығулар кезінде оны елемей, тиімді позицияда тұрса да допты бермейтін. Ақырында, Сайфулло өзін командада бөтен сезініп, жаттығуларға бармай қалды. Ол физикалық мүмкіндіктері мен қабілеттеріне ұялып, өзіне деген сенімін жоғалта бастады. Бұл спорттағы буллингтің мысалы: бір адамның дайындық деңгейінің төмендігі немесе әлсіздігі себепті оқшаулануы мен қорлануы.
Қорытынды
Буллинг – назар аударуды және әрекет етуді қажет ететін күрделі мәселе. Барлығымыз бір-бірімізді қолдап, достық атмосфера құру арқылы буллингпен күреске үлес қоса аламыз. Буллингке ұшырасаң, үнсіз қалма және жалғыз болма. Ересектердің және достарыңның қолдауы саған көмектеседі.
QLEVER платформасында сыни ойлауды және өзіңе деген сенімділікті дамытуға көмектесетін көптеген пайдалы материал мен ойындар таба аласың. Буллингсіз әлемді бірге құрайық!