Әйелдер президент, ұшқыш болып жатыр, ғарышқа ұшады, ерлер футбол командаларында жаттығады, симфониялық оркестрлерге дирижер болып жүр және дәстүрлі түрде еркектердікі деп саналатын көптеген басқа мамандықта үздік болып жатыр. Бірақ бүгінде БАҚ-та, фильмдер мен жарнамаларда, күнделікті өмірде деадамдар арасында гендерлік стереотиптер әлі де басым.
Адамдарды бөлетін стереотиптер зиян, өйткені олар ерлер мен әйелдердің жеке қабілетін дамыту, кәсіби тұрғыда өсуге ұмтылу, өмірлік таңдау жасап, жоспар құру мүмкіндіктерін шектейді.
Гендерлік стереотиптердің әділетсіз қалыптасуы әйелдерге қатысты кемсітушіліктің жиі кездесетін себебі және денсаулық құқығы, жеткілікті өмір сүру деңгейі, білім, неке және отбасылық қатынастар, еңбек, сөз бостандығы, қозғалыс бостандығы, саяси өмірге қатысу және саяси мүдделерді білдіру, тиімді құқықтық қорғау және гендерлік зорлық-зомбылықтан еркін болуды қорғау құралдары сияқты бірқатар құқықтың бұзылуына ықпал ететін фактор саналады.
Стереотиптермен күресу үшін адамдардың жастайынан теңдік туралы дұрыс ұғымын қалыптастырған жөн. Бұл білім адаммен өмір бойы бірге ілесіп жүруі керек. Бірақ білім берумен қатар, жағымды мысалдар арқылы да насихаттаған дұрыс. Бұл ретте бұқаралық ақпарат құралдарының ролі зор. Стереотиптерді насихаттайтын контенттің таралуына жол бермеу үшін журналистиканың этика нормаларын сақтау қажет.
Бұқаралық ақпарат құралдарында гендерлік стереотиптермен күресудің ең тиімді тәсілі – білім беру. Сондықтан жаңалықтар редакцияларын саналы түрде өзінің теріс пікірінен арылуға үйрету қажет.
Бұқаралық ақпарат құралдарында гендерлік стереотиптерді азайту журналистердің жұмысын жақсартып қана қоймайды, бұл бүкіл қоғамға әсер етеді.
Дереккөз: https://news.un.org/ru/audio/2016/03/1032891