Алаяқтық — қазіргі қоғамда ең кең тараған қылмыстардың бірі. Технологиялар дамыған сайын алаяқтық схемалары да артып келеді. Алаяқтардың құрбаны болған жағдайда не істеу керек екенін біліп қана қоймай, жақындарыңызға қауіп туралы ескерту де маңызды. Бұл мақалада алаяқтыққа тап болғанда зардапты азайтуға және одан кейінгі жағдайлардан қорғауға көмектесетін әрекеттер алгоритмін қарастырамыз.
Қандай әрекеттер жасау керек?
1. Алаяқтармен кез келген коммуникацияны тоқтатыңыз.
2. Дәлелдерді сақтаңыз: Жазысқан хаттардың, транзакциялардың скриншотын жасап алыңыз.
3. Кез келген қаржылық белсенділікті тоқтатыңыз.
Банк шоттары мен карталарды жабыңыз. Егер алаяқтарға банк карталары немесе аккаунттар туралы деректеріңізді берген болсаңыз, банкіңізбен байланысыңыз. Жағдайды түсіндіріп, санкцияланбаған қолданудың алдын алу үшін шоттарыңыз бен картаңызды бұғаттауды сұраңыз. Транзакцияларды тексеріңіз. Шотыңыз бойынша соңғы операцияларды қарап, кез келген күмәнді немесе санкцияланбаған транзакциялар туралы банкіңізге хабарлаңыз.
4. Құпиясөздерді өзгертіңіз
Онлайн-аккаунттарыңыздың бәрінің құпиясөзін өзгертіңіз. Банк, пошта және әлеуметтік желі сияқты ең маңыздыларынан бастаңыз. Әр аккаунтқа күрделі және бөлек құпиясөз белгілеңіз. Екіфакторлы аутентификацияны қосып қойыңыз. Бұл мобильді құрылғы арқылы растауды талап ететін қорғаныс деңгейін арттырады.
5. Құрылғыларыңызды қорғаңыз
Құрылғыларыңызда зиянды бағдарламалардың бар-жоғын тексеріңіз. Компьютер, смартфон немесе планшетті сканерлеу үшін сенімді вирусқа қарсы бағдарлама пайдаланыңыз. Бағдарламалық қамтуды жаңартыңыз. Операциялық жүйе мен құрылғыңыздағы барлық бағдарламалар соңғы нұсқаға дейін жаңартылғанына көз жеткізіңіз.
6. Тиісті қызметтерге хабарлаңыз
Полицияның жергілікті бөліміне хабарласып, алаяқтық туралы арыз жазыңыз. Бұл сіздің жағдайыңызды ресми тіркеу үшін қажет. Алаяқтық болған платформаларға хабар беріңіз. Мысалы, интернет-дүкен сайтында немесе әлеуметтік желілерде болса, олардың қолдау қызметімен байланысыңыз.
Жақындарыңыз алаяқтың құрбаны болмауы үшін не істеу керек?
Жақындарыңызға алаяқтық туралы ескерту үшін мәселенің мәнін, яғни, интернет-алаяқтық не екенін, оның қалай көрініс табатынын және қандай салдары болуы мүмкін екенін түсіндіру маңызды.
· Алаяқтың құрбаны болу оңай екенін көрсету үшін жаңалықтардан алынған немесе жеке тәжірибеңіздегі шынайы мысалдарды айтыңыз.
· Киберқауіпсіздік ережелерін, мысалы, күмәнді сілтемелерге өтпеуді, бейтаныс адамдардан хат алмауды үйретіңіз.
· Вирусқа қарсы бағдарлама орнатып, екіфакторлы аутентификация қосу арқылы құрылғыңызды қорғаңыз.
· Жаңа қауіптерді жиі талқылаңыз, туыстарыңыз хабардар болуы үшін алаяқтық туралы жаңалықтар мен қорғаныс шаралары туралы айтып беріңіз.
Алаяқтық қазіргі замандағы ең үлкен қауіптердің бірі болып отыр. Бірақ білім мен сақтық қауіп-қатерді айтарлықтай азайтуға септігін тигізеді. Алаяқтың құрбаны болған жағдайда әрекет етіп қана қоймай, жақындарыңызға қауіп туралы белсенді ескерту де маңызды.