Дождитесь окончания загрузки
Модальное окно "Дорогой друг, прими участие в опросе"
preview Артқа

Сексизм деген не? Ол несімен қауіпті?

05.08.2024 • 09:21

Сексизм – өмірдің әртүрлі салаларында, жеке қатынастардан бастап кәсіби қызметке дейінгі ортада байқалатын жынысына қарай кемсіту. Бұл құбылыс тарих пен мәдениетке терең тамыр жайған болуы мүмкін және оның салдары қазіргі қоғамда да байқалып жатыр. Бұл мақалада біз сексизмнің не екенін, оның тарихи дамуын, қоғам үшін қаупін қарастырамыз. 

Тарихы 

«Сексизм» ұғымын АҚШ-тағы феминистік қозғалыстың екінші толқын қатысушылары енгізген. Бұл термин «расизм» сөзінің үлгісі бойынша жасалды. Бірақ бұл ұғым түр-түсі емес, жынысына қарай кемсітуді қамтиды. Сексизм идеологиясы адамдарды ер мен әйел деп бөліп қана қоймай, бір жыныстың екіншісінен үстем екенін тікелей немесе жанама түрде көрсетіп, оларды бір-біріне қарсы қояды. 

Тарихи тұрғыда көбіне әйелдер азырақ қабілетті, ерлерге қарағанда азырақ құқықтар мен мүмкіндіктерге ие деген ой қалыптасты. Бұл көптеген қоғамның дәстүрінде, дінінде, мәдениетінде терең тамыр жайды. Мысалы, ұзақ уақыт бойы әйелдер дауыс бере алмады, белгілі бір кәсіпте жұмыс істеп, білім ала алмады.  

Сексизм формалары 

1990 жылдардың ортасында америкалық зерттеушілер Сьюзен Фиске мен Питер Глик деген америкалық зерттеушілер сексизмді тек жағымсыз және әйелдерге қатысты өшпенділік таныту түсінігі ретінде қабылдауға қарсы «амбивалентті» немесе «екіжүзді» сексизм деген тұжырымды енгізді. Бұл термин сексизмнің екі түрлі формада байқалуы мүмкін екіжүзді табиғатын сипаттайды: өшпенді және мейірімді. Осылайша ол әйелдерді жағымды сипаттауды да, жағымсыз сипаттауды да қамтиды. 

  1. Өшпенді сексизм (Hostile Sexism) - әйелдерге қатысты жағымсыз, менсінбеуші және агрессивті қатынаста байқалады. Ол дәстүрлі гендерлік рөлдерді бұзатын әйелдерге, мысалы, отбасынан гөрі мансапты таңдайтын немесе әйелдер туралы дәстүрлі түсініктерге сай келмейтіндерге бағытталған. Өшпенді сексизм көбіне кемсітушілікпен, құнсыздандырумен және ашық өшпенділікпен қатар жүреді.
  2. Мейірімді сексизм (Benevolent Sexism) - бірінші қарағанда жағымды, тіпті, қамқорлық сияқты көрінеді. Ол дәстүрлі гендерлік ойларға сай келетін әйелдерге қамқорлық көрсету түрінде байқалады. Мейірімді сексизм отбасы мен қоғамдағы әйел рөлдерінің маңызын көрсетіп, оларды қолдайды. Алайда, жағымды көрінгеніне қарамастан, мейірімді сексизм де әйелдердің бостандығын шектейді және гендерлік стереотиптерді нығайтады.

Амбивалентті сексизмнің екі түрі де көріністері бойынша ерекшеленгенімен, гендерлік теңсіздікті сақтауға және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты ақтауға бірдей ықпал етеді. Олар әйелдердің дәстүрлі рөлдерді ұстанатынына немесе ұстанбайтынына қарамастан, шектеулер мен кемсітушілік жағдайларын туғызады.

Сексизм көріністері

Кәсіби сала

Кәсіби ортада әйелдер гендерлік стереотиптерге жиі тап болады. Бұл олардың мансаптық мүмкіндіктерін шектейді және еңбекақы айырмашылығына әкеледі. Әдетте, ерлер басшылық қызметтерді, ал әйелдер көбіне төмен жалақы берілетін және беделі төмен лауазымдарды атқарады.

  • Дүниежүзілік экономикалық форум мәліметтері бойынша, 2023 жылы еңбекақы төлеудегі жаһандық гендерлік алшақтық шамамен 16% құрады. Бұл әйелдердің ұқсас жұмыс үшін ерлерге қарағанда орта есеппен 16% аз табыс тапқанын білдіреді. Ал Орталық Азия бойынша статистика мынандай: еңбекақы төлеудегі гендерлік алшақтық Қазақстанда шамамен 34%, Өзбекстанда - 31%, Қырғызстанда - 28%, Тәжікстанда - 36%, Түрікменстанда - 38%.
  • Саясатта да әйелдер ерлерге қарағанда әлдеқайда аз. 2023 жылғы жағдай бойынша, бүкіл әлемдегі ұлттық парламенттердегі орындардың шамамен 25%-ында әйелдер отыр.
  • Орталық Азия елдеріндегі кәсіби салада әйелдер басшылық қызметтердің тек 20%-ын атқарады, ал төмен жалақы берілетін және беделі төмен лауазымдарда олардың үлесі 50%-дан асады.
  • Орталық Азиядағы әйелдердің білім мен кәсіби оқытуға қол жеткізуі шектеулі. Атап айтқанда, Тәжікстан мен Түрікменстанда жоғары білімі бар әйелдердің үлесі ерлерге қарағанда айтарлықтай төмен.

Сексуалды объективтендіру

Әйелдерді жыныстық объектіге айналдыру да сексизмнің кең тараған түрі. Әйелдер көбіне тек сыртқы келбеті арқылы қабылданып, бағаланады, бұл олардың кәсіби және жеке жетістіктерін төмендетеді. Бұқаралық ақпарат құралдары, жарнама және ойын-сауық индустриясы көбіне ерлердің көзқарасы мен қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған әйелдер бейнесін жасау арқылы осы стереотиптердің таралуына ықпал етеді.

  • Қырғызстанда әйелдердің 45%-ы жұмыс орнында жыныстық қысымға ұшырағанын мойындайды.
  • Қазақстанда әйелдердің 40%-ы жұмыста жыныстық қысымға тап болған, бірақ олардың тек 10%-ы ғана бұл туралы жұмыс берушіге хабарлаған.

Сексуалды алымсақтық және зорлық-зомбылық

Жыныстық зорлық-зомбылық пен сексуалды алымсақтық - сексизмнің шектен шыққан көріністері. Олар қорқыныш пен сенімсіздік атмосферасын тудыра отырып, әйелдерді басу мен бақылауға бағытталған. Бұл әрекеттер өмірдің кез келген саласында, соның ішінде жұмыс орнында, оқу орындарында, тіпті үйде де болуы мүмкін.

  • БҰҰ мәліметтері бойынша, жаһандық деңгейде әлемдегі әрбір үшінші әйел өмір бойы физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа тап болған.
  • Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметтері бойынша, бүкіл әлемдегі әйелдердің шамамен 27%-ы жақын серіктесі тарапынан физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған, ал әйелдерді өлтіру көрсеткішінің 38%-ында қылмысты серіктестері жасаған.
  • Қазақстанда әрбір үшінші әйел өмірінде физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылыққа тап болған.
  • Қырғызстанда 2024 жылдың төрт айында 4767 отбасылық зорлық-зомбылық оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 632 оқиғаға көп. 

Сексизм қаупі

Сексизм немесе жынысына қарай кемсіту - ерлер мен әйелдерге әсер ететін, бірақ әсіресе әйелдер мен қыздарға қатысты ерекше байқалатын әлеуметтік зұлымдық. Ол өмірдің түрлі аспектілеріне еніп, құрбандарды әділетсіз жағдайлар мен кедергілерге ұшыратады және жеке адамдардың да, тұтас қоғамның да әлеуетін шектей отырып, прогресс пен дамуға кедергі келтіреді.

Құқықтар мен бостандықтарды шектеу

Сексизм теңдік пен кемсітушілікке жол бермеу сияқты адамның негізгі құқықтарының бұзылуына әкеледі. Әйелдер білімге, медициналық қызметке және жұмысқа орналасуға қол жеткізуде шектеулерге жиі тап болады. Мысалы, көптеген елде әйелдер бірдей жұмыс үшін ерлерге қарағанда аз табыс табады. Бұл экономикалық теңсіздікке және өмір сапасының нашарлауына әкеледі.

Гендерлік стереотиптердің күшеюі

Сексизм адамдардың мүмкіндіктері мен әлеуетін шектейтін гендерлік стереотиптердің терең тамыр жаюына ықпал етеді. Мұндай стереотиптер қоғамда ерлер мен әйелдер қандай рөлдерді атқаруы керек деген түсініктерді таңады. Мысалы, әйелдер қамқор болып, үй шаруасымен айналысуы керек, ал ерлер күшті және агрессивті болуы керек деген ойлар өмірдің түрлі салаларында олардың таңдауы мен дамуын шектеуі мүмкін.

Зорлық-зомбылық және сексуалды алымсақтық

Сексизм көбіне зорлық-зомбылықпен және сексуалды алымсақтықпен қатар жүреді. Бүкіл әлемде әйелдер мен қыздар физикалық және жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Бұл жарақаттарға, психологиялық бұзылыстарға, тіпті өлімге әкеледі. Жұмыс орнындағы және қоғамдық орындардағы алымсақтық та әйелдердің қоғамдық өмірге қауіпсіз және тең құқылы қатысуына кедергі келтіретін кең таралған мәселе.

Экономикалық салдары

Сексизмнің елеулі экономикалық салдары бар. Жұмыс орнында әйелдерді кемсіту және олардың экономикалық ресурстарға қол жеткізуін шектеу жалпы экономикның даму деңгейінің төмендеуіне әкеледі. Азия даму банкінің зерттеуі көрсеткендей, гендерлік теңдік 2025 жылға қарай әлемдік ЖІӨ-ні 12 триллион долларға арттыруы мүмкін. Осылайша, сексизмді жеңу тұрақты экономикалық дамудың маңызды шарты бола алады.

Әлеуметтік әділетсіздік

Сексизм әлеуметтік әділетсіздік пен теңсіздікті күшейтіп, қоғамның үйлесімді дамуына кедергі келтіреді. Халықтың жартысы кемсітушілік пен езгіге ұшырағанда, бұл демократиялық және әділ қоғамдардың негізін шайқалтады. Сексизммен күрес барлығына тең мүмкіндіктер мен құқықтарды қамтамасыз ету үшін заңнама, білім беру және мәдениет деңгейінде жүйелі өзгерістерді талап етеді.

Сексизм - жеке адамдар мен жалпы қоғам үшін көптеген жағымсыз салдары бар күрделі әлеуметтік мәселе. Бұл құбылысқа қарсы күрес мемлекеттің, ұйымдар мен әр адамның бірлескен күш-жігерін талап етеді. Тек кемсітушілікке белсенді қарсы тұру және гендерлік теңдікті ілгерілету арқылы ғана біз әр адамның даму мен өзін-өзі жүзеге асыру үшін тең мүмкіндіктері бар әділ және гүлденген қоғам қалыптастыра аламыз.

Дереккөздер:

Бұл ақпараттық-танымдық платформа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан жастарына арналған.

Платформа серіктес елдер заңнамасы талаптарын ескере отырып әзірленген. Платформада қолданылатын барлық мысалдар тек оқу мақсатында келтіріледі және заңға қайшы келуді көздемейді. Платформаны қолдана отырып, Сіз өз түсінуіңізді растайсыз және жоғарыда аталған мақсат-міндеттермен келісесіз.