VPN (англ. virtual private network — «виртуалды жеке желі») — қолданушыны бірнеше компьютер арасында ұйымдастырылған желіге қауіпсіз қосуға мүмкіндік беретін технология. Ол шектеулерді айналып өту үшін пайдаланылады және желіде құпиялықты сақтауға көмектеседі.
VPN желілері қалай жұмыс істейді?
VPN-ге қосылу үшін қажет мобайл қосымшаны орнатып, осы функцияны қосса жеткілікті.
Қолданушы желіге кірген кезде, оның құрылғысына бірегей IP-адрес беріледі. Бұл басқа біреудің қолданушыны танып, оны аңдуына – қай сайттарға кіргенін, іздеу желілерінен не іздегенін, не сатып алғанын және тағы басқасын қарап отыруға мүмкіндік береді.
VPN-ді қосса, негізгі IP-адрес көрінбей қалады. Оның орнына виртуалды жеке желі адресі көрсетіледі.
Бұл мына нәрселерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді:
· жергілікті кедергілерді айналып өту. Шетел VPN-ін таңдаса, жергілікті тыйымдар әсер етпей қалады да, қолданушы өз елі аймағында тыйым салынып, бұғатталған сайттарға кіре алады.
· анонимдік сақталады. Қосылған VPN-сервисі арқылы интернетке кіру шифрланады, сондықтан қолданушы деректері басқа адамдар қол жеткізе алатындай ашық түрде болмайды.
VPN не үшін керек?
· Сенімді қорғаныс. Жіберілген ақпаратқа тек шифрлау кілті болған жағдайда қол жеткізуге болады;
· Геолокация жасырылады. Геолокация деректері құрылғыдан емес, VPN серверінен алынады. Ол басқа елде болуы мүмкін, солайша тұрған орынды анықтау мүмкін болмайды.
· Аймақтық контентке қол жеткізу. Шетелге саяхаттағанда өзіңіздің «туған» аймағыңызға арналған контентті көру мүмкіндігін жоғалтуыңыз мүмкін.
· Деректерді қауіпсіз тасымалдау. Қашықтан жұмыс істегенде сізге құпия корпоратив деректерге рұқсат қажет болуы мүмкін. Олардың таралып кету ықтималдығын азайту үшін деректерді шифрлау арқылы қосылыңыз.
VPN қолданудың кемшін тұстары
VPN пайдалану интернетке қосылу жылдамдығына әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, шынымен қауіпсіз VPN қызметтері үшін төлеу керек, кәдімгі қолданушылар үшін орташа есеппен айына шамамен – $7-8. Ал тегін VPN желілері қолданушы дерегін, соның ішінде қолданушы логины мен құпия сөзін таратып жіберуімен танымал.
Кейбір елде VPN қызметтерін шектейтін немесе тіпті тыйым салатын заңдар бар. Мысалы, Ресейде VPN қызметтеріне қолданушыларға бұғатталған сайттарға кіруге мүмкіндік жасауға тыйым салынады, дегенмен бұл заң әлі қолданылмаған. Ал Түркіменстанда билік VPN желісін пайдаланатындардың соңына түседі.
Дереккөз:
1. РБК; 20.01.2022 «Что такое VPN и для чего он нужен»https://trends.rbc.ru/trends/industry/604f0a309a79477d332569e3
2. Настаящее Время; 11.03.2021; «Что такое VPN и почему он нужен каждому?»
https://www.currenttime.tv/a/internet-bezopasnost-vpn/31145192.html