Фейк-ньюстің құбылыс ретінде ұзын-сонар тарихы бар. Бұрындары өсек-аяң асүйдегі әңгіме деңгейінде ғана тараса, қазір әлеуметтік желілер фейкмейкерлер үшін құтты орынға айналды (Шүлембаева, 2017). Фейкмейкерлердің жазылмаған өз ережелері бар:
- Шынайы әсер болса, шындық аса маңызды емес;
- Адамдардың автоматизм мен таптаурынға үйренгенін пайдалану;
- Ақпараттың ішіне білдірмей фейк қосу (Бір қарын майға бір құмалақ) немесе оригинал: (бір бөшке балға бір қасық қарамай) (Корнев, 2016).
Оқырман мен көшіріп басуды көбейту үшін фейкмейкерлер көзге түсетін өткір тақырыптарды немесе толық ойдан шығарылған әңгімелерді жиі қолданады. Бұл жағдайда жарияланған материалдардың сенімділігіне қарамастан, кликбейтинг қағидаттарына ұқсас табыс қалыптасады және жарнамадан пайда түседі (Wikipedia, 2020).
Балқандағы кішкентай ел, халық саны 2 миллионнан сәл асатын Македония туралы не білесіз? Жақында ғана бұл аймақ журналистердің әлемдегі ең ірі фейк жаңалықтар фабрикасын табуымен әйгілі болды (Настоящее время, 2017)!
Танымал фейк жаңалық жасаушы Миле Грнчаров (Mile Grncarov) жалған ақпаратты жасаудың оңайлығын, ал оны әшкерелеудің едәуір қиын екенін айтады: «Көптеген жалған жаңалықты қарапайым адамдар жазады. Олар өз компьютерлерінің алдында отыр және ең қарапайым қағиданы меңгерген: даулы тақырып қосу жалған ақпарат тең пайда. Бір нәрсені шүбәсіз айтуға болады: жалған жаңалықты анықтау мен әшкерелеуден гөрі ойдан шығарып, таратқан анағұрлым жеңіл». Миле Грнчаров 13 жасында жалған жаңалықтарды қолдана бастаған. «Саясаттану және іскерлік басқару» мамандығында оқитын македониялық студент Миле маңызды әлемдік сайлау кезінде басты назарға ілікті. Ол өзінің қаржылық жетістігін жалған жаңалықтар жасаудың қарапайымдылығымен түсіндіреді (Настоящее время, 2017).
Пайдаланылған әдебиеттер:
Wikipedia. (30 маусым 2020 ж..). Фальшивые новости. 2020 ж. 24 шілдеде Wikipedia сайтынан алынды: https://ru.wikipedia.org/wiki/Фальшивые_новости
Корнев, М. (18 маусым 2016 ж.). Линия по безопасному медиа-потреблению. Мосты-2016.
Настоящее время. (22 қазан 2017 ж.). Фейк по-македонски. Подростки с Балкан превратили производство фальшивых новостей в популярный заработок. 2020 ж. 24 шілдеде Настоящее время сайтынан алынды: https://www.currenttime.tv/a/28806010.html
Шүлембаева, Р. (7 қараша 2017 ж.). Как распознать фейк. 2020 ж. 24 шілдеде Казахстанская правда сайтынан алынды: https://www.kazpravda.kz/fresh/view/kak-raspoznat-feik
Материал Еуропалық Одақтың қолдауымен BRYCA жобасы аясында әзірленді.