Дождитесь окончания загрузки
Модальное окно "Дорогой друг, прими участие в опросе"
preview Артқа

Ақпараттық соғыстар

31.07.2020 • 08:10

Пандемия кезінде әлеуметтік желілерде мұның бәрін кім бастады, вирустың тез таралғанына кім кінәлі, қай ел гуманитарлық көмек көрсетіп жатыр және тағы басқа тақырыптағы пікірталастарды жиі байқаймыз. Мұның барлығы – түрлі елдердің бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан, әсіресе осындай мақалаларды жариялауға мемлекеттік тапсырыс алатын БАҚ-тың ақпараттық жұмысының нәтижесі.

«Ақпараттық соғыс – қарсыластар туралы дерек жинау үшін ақпараттық технологияларды қолданатын және қарсыластың жағымсыз бейнесін жасау үшін немесе өз идеяларын таңу үшін кибершабуылдарды, манипуляцияларды, насихат және басқа да коммуникация құралдарын қолданатын бірнеше тараптың күресі (Ли, 2019).

Эволюция процесінде адамзат қоғамы ақпараттың құндылығын, маңызы мен пәрменділігін қоршаған әлемді тану құралы ретінде ғана емес, кейде өз күшімен барлық танымал қару-жарақ түрлерінен асып түсетін жойғыш қару деп те ұғынды. 

Б.з.д. XIII ғасырда грек тайпалары арасында Кіші Азиядағы ықпал аймағын бөлісудегі Троя соғысында шешуші рөл атқарған «Троя аты» жалған ақпараттың классикалық мысалы болып саналады. Спарталықтар жіберген адам Афина құдайы қалаға сыйға тартты дейтін Троя атының көмегімен спарталықтар Трояны басып алып, тып-тиыл етіп қиратты. («Троя аты» сөзі барлаушылар арасында жаудың жалған ақпаратқа сүйеніп, әскери жеңілуі операциясын білдіретін кәсіби сөзге айналды) (Сулейманова & Назарова, 2017).

Ендігі мысал, орта ғасырларда атақты әскери қолбасшы Шыңғысхан моңғол әскерлерінің саны мен қатыгездігін асырып көрсететін қауесетті алдын-ала таратып, жалған ақпарат тәсілдерін ұтымды қолданды. Ондағы негізгі нысан тікелей адамның өзі болатын (Сулейманова & Назарова, 2017).

Вьетнам соғысы да – ақпараттық соғыстың тағы бір ұқсас мысалы. Вьетнам соғысында Солтүстік Вьетнам үкіметі америкалық бомбалаудан келген шығынды жасыруға бағытталған шараларды жүргізді. Вьетнам Демократиялық Республикасындағы КСРО әскери атташесі жанындағы ғылыми-техникалық топ маманы Виктор Теплов атап өткендей, «Вьетнамдықтар халық пен америкалықтарды бомбалаудың діттеген жерге жетпей жатқанына сендіру үшін көп күш салды. Олардың ресми хабарламаларында кезекті америкалық шабуыл шығындары мұқият есептелді: бір буйвол, үш шошқа, жеті тауық, ал адам шығыны жоқ. Бұл мәліметтерде жануарлардың саны да қатаң шектелді» (Жирнов, 2000).

ХХ ғасырда радио, кинематограф, жаппай басып шығару сынды техникалық жаңалықтар белсенді қолданылды. Ұлы державалар адамдардың психикасына, олардың санасы мен түпсанасына әсер ету әдістерін жіті зерттей бастады (Сулейманова & Назарова, 2017). 

Оқиғалар туралы жалған ұғым қалыптастыру үшін әлеуметтік желілерде арнайы алгоритмдер мен жалған есеп жазбалары қолданылады. Мәселен, Калифорниядағы FireEye киберқауіпсіздік агенттігі Латын Америкасы, Таяу Шығыс, Ұлыбритания және Америка Құрама Штаттарына бағытталған көпжылдық дезинформациялық науқанды анықтады. Әлеуметтік желілерде Ираннан 600-ден астам қолданушы аккаунттары құрылған және солар арқылы жаһандық ауқымда жалған ақпарат беріліп келген. 2018 жылы FireEye бұл ақпаратты Facebook-ке жіберді, нәтижесінде «Үйлестірілген жалған іс-әрекет» үшін 652 жалған аккаунт жойылды (NDI, 2018). Әлеуметтік желілер ақпаратты үлкен аудиторияға жеткізудегі біршама төмен құны мен жоғары жылдамдығына байланысты мәселе салдарын күшейтіп отыр. Процеске көбінесе автоматтандырылған жүйелер ықпал етеді, мысалы боттар материалдарды пайдаланушылардың демографиясы мен жеке қалауына қарай таратады. 

Бүгінде қоғамдық пікірді қалыптастыру үшін бұқаралық ақпарат құралдары және жаңа медиа мен әлеуметтік желілер арқылы қоғамның түрлі салаларында әдейі бұрмаланған, жаңылыстыратын фактілерді, дәлелдер мен өзге де мәліметтерді ашық енгізу қолданылады.

Мысалы, қазіргі уақытта мұндай соғыс АҚШ пен Қытай және АҚШ пен Ресей арасында өтіп жатыр. Алғашқы қос «қарсыластың» кімнің дұрыс, кім кінәлі екенін анықтауға тырысып жатқаны түсінікті – АҚШ билігі ең жоғарғы деңгейде Қытайды инфекцияның таралуын тоқтата алмады, қылмыстық түрде ақпаратты жасырды, дер кезінде жауап қатпады деп айыптап отыр. Өз кезегінде, батыс басылымдары Ресейдің коронавирус өлім-жітімі туралы ресми статистиканы әдейі төмендеткенін жазуда. Ресей билігі бұл ақпаратты объективті емес деп санайды және теріске шығаруды талап етіп отыр (Мекішева, 2020).

Орталықазиялық БАҚ бұл оқиғаларды жариялап жүр, бірақ олардың көпшілігі біреудің жағына шығуға тәуекел етпей отыр. Алайда, мұндай мақалаларға жазылған комментарийлерде жақында көрген фейктерге, болжамдар мен қауесеттерге негізделген «шайқастар» болады.  

Пайдаланылған дереккөздер:

Жирнов, Е. (2000). Вьетнамдық жолдастар бізді қинап бітті. Коммерсантъ Власть, (9), 52.

NDI. (2018). Ақпараттың растығы мен дұрыс саяси пікірталасты қорғау. https://www.ndi.org/sites/default/files/Russian%20Supporting%20Information%20Integrity.pdf

Ли, В. (2019, 7 сәуір). Фактчекер сөздігі. 2020 жылы 24 шілдеде Factcheck.kz сайтынан алынды: https://factcheck.kz/glavnoe/slovar-faktchekera/

Мекішева, А. (2020, 25 наурыз). Насихат және COVID-19: АҚШ, Қытай, Ресей. 2020 жылы 24 шілдеде Factcheck.kz сайтынан алынды: https://factcheck.kz/health/propaganda-i-covid-19-ssha-kitaj-rossiya/

Сулейманова Ш.С., Назарова Е.А., Ақпараттық соғыстар: тарих және қазіргі заман: Оқу құралы. – Мәскеу: «Этносоциум» халықаралық баспа орталығы, 2017. 124 б.

Материал Еуропалық Одақтың қолдауымен BRYCA жобасы аясында Қырғызстандағы, Өзбекстандағы, Тәжікстандағы және Қазақстандағы әлеуметтік медиа мониторингінің нәтижелері негізінде әзірленді.

Бұл ақпараттық-танымдық платформа Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан жастарына арналған.

Платформа серіктес елдер заңнамасы талаптарын ескере отырып әзірленген. Платформада қолданылатын барлық мысалдар тек оқу мақсатында келтіріледі және заңға қайшы келуді көздемейді. Платформаны қолдана отырып, Сіз өз түсінуіңізді растайсыз және жоғарыда аталған мақсат-міндеттермен келісесіз.