Ақпаратқа ие адам әлемді басқарады дейді. Интернет ақпаратты бәріне қолжетімді етті. Дегенмен тәжірибе 2022 жылы барлық адам бірдей интернетті еркін қолдана алмайтынын көрсетті.
Интернет цензурасы біреудің (әдетте, үкімет немесе ірі корпорациялар) интернеттегі белгілі бір ақпаратты қарауды шектейтін немесе тыйым салатын құбылысты білдіреді.
Қарапайым тілмен айтқанда, егер үкіметке интернеттегі қандайда бір сайт (провайдер, әлеуметтік желі) ұнамайтын болса, бұл сайт тыйым салынғандар тізіміне еніп, ел тұрғындары енді оған кіре алмайды.
Желідегі цензура қандай болады?
- IP-адрестерді бұғаттау. Мемлекеттер бұғаттау керек сайттар тізімін жасап, онда барлық жарамсыз URL мекенжайларын енгізеді. Қолданушы сол сайттарға кіруге тырысқанда, қатені көреді. Қате форматы байланыс провайдеріне және бұғаттау әдісіне байланысты. Ол браузер жұмысының бұзылғаны немесе таңдалған ресурсқа кіруге тыйым салынған заң туралы хабарламасы бар бітеуіш сияқты көрінуі мүмкін.
- Кілт сөздер бойынша контентті сүзу. Бұл – сол баяғы сайтты бұғаттау әдісі, бірақ жетілдірілген түрі. Байланыс провайдерлері IP-адрестердің орнына кілт сөздерді пайдаланады. «Наразылық» сияқты сұрауларға тосқауыл қойылады. Осындай сөзі бар барлық сайт та бұғатталады.
- Ел заңын бұзатын сайттардың жылдамдығын бәсеңдету.
- Айыппұлдар және түрмеге қамау. Түрмеге қамалу мерзімі қаупі көптеген БАҚ өкілін желіде бір нәрсе жарияламас бұрын жүз рет ойлануға мәжбүр етеді. Бұл БАҚ-а ғана қатысты емес. Мұндай түрме сүзгісінен зардап шегетін қолданушылар да аз емес.
Әлемнің елдеріндегі цензура
Солтүстік Кореяда желіге тек барлау агенттіктері, шенеуніктер мен ғылыми қызметкерлер қосыла алады, бірақ тіпті олардың да қызметі бақылауда болады. Ал қалған тұрғындар Кванмёнды пайдаланады – ақпарат министрлігі интернеттегі сайттарды талдап, өздеріне ең қолайлысын таңдап, өз желісіне жүктейді.
Қытайда бәрі өзінікі. Өзінің Facebook, Twitter аналогы, YouTube-тің бірнеше нұсқасы және сөйлесуге, такси шақыруға және ақша аударуға болатын WeChat мессенджері бар. Өйткені бұл өнімдердің батыстағы нұсқаларына Қытайда заңнама деңгейінде тыйым салынған. Онда тіпті Google іздеу жүйесі де өте қысқартылған.
Иранда 2000 жылдардың басынан бері Facebook және YouTube сияқты алып платформалар елде бұғатталған. VPN-сіз кіруге болатын жалғыз платформа – Instagram. Себептер – діни және саяси сипатта.
Кубада халықтың 5%-і ғана интернет пайдаланады. 2008 жылға дейін елде интернетке тыйым салынды, оны тек элита мен үкімет өкілдері ғана пайдалана алды. Ел азаматтары 13 жыл бұрын ғана интернетке қосыла алды. Дегенмен үйдегі интернет орташа деңгейде өмір сүретін кубалықтың бір айлық жалақысына тең. Интернет-кафелерде мемлекеттік операциялық жүйесі бар ескірген компьютерлер тұрады, оларды тек өте бай адамдар қолдана алады.
Дереккөздер:
1.Timeweb; 28.04.2021; «Что такое интернет-цензура и нужна ли она миру»
https://timeweb.com/ru/community/articles/chto-takoe-internet-cenzura
2. Exclusive; 12.08.2021; «Интернет-цензура: кто и как остановит государство?»https://www.exclusive.kz/expertiza/obshhestvo/125411/