Ақпараттық соғыс кезінде барлық тарап белгілі бір дәрежеде фактілерді бұрмалайды. Біреу өз жетістігін, біреу жаудың қатыгездігін асырып айтады, ал енді бірі жеңілгенін жасырады.
БАҚ жалаулар, адамның бет-әлпеті, жүгіріп бара жатқандар суретінен тұратын жарқын коллаждарды пайдаланып, жарақат алған немесе қаза тапқан адамдарды жақыннан көрсетеді. Драмалық немесе қайғылы музыка ақпаратты қабылдау әсерін күшейтеді.
Ақпараттық соғыс қоғамдағы өшпенділік пен шиеленіс дәрежесін арттыратын қауесеттерді мақсатты түрде таратумен қатар жүреді. «Қарапайым халық» әдісін қолдану насихатшыға мақсатты аудиторияның бір бөлігін оның идеясы мен бағалауын қарапайым халық қолдайтындықтан да жақсы екеніне сендіруге мүмкіндік береді.
Ақпараттық соғысқа қатысушы тараптар басымдық пен мақсатты аудиторияның санасы мен мінез-құлқын басқару үшін күреседі. Тараптардың әрқайсы жаудың кез келген салмақты аргументін ығыстырып, оларды барынша сенімді, аудиторияға сенім ұялататын өз дәлелдерімен алмастыруға тырысады.
Тараптардың ымырасыздығына негізделген ұзақмерзімді ақпараттық соғыс қоғамды тұрақты аномия жағдайына – нормалар мен құндылықтар жүйесінің бұзылуына әкеледі. Ақпараттық соғыс «біз» және «олар» болып бөлінеді, бітімге келмеген әрі келмейтін жаудың бейнесін қалыптастырады. Ақпараттық соғыс салдары нағыз қарулы қақтығысқа ұласуы мүмкін. Тіпті белсенді ақпараттық шабуылдар аяқталғаннан кейін де, әдетте, тараптардың бір-біріне деген тұрақты теріс көзқарасы ұзақ уақыт бойы сақталады.
Өзіңді көпөлшемді, «бұлыңғыр» ақпарат ағынынан қорғау құралдарының бірі – сын тұрғысынан ойлау. Кең мағынасында, сын тұрғысынан ойлау деп дәлелсіз және фактілері тексерілмеген ешнәрсені қабылдамай, бәріне сенімсіздікпен қарауды айтады.
Сыни көзқарасқа ие болу – қажет шарт, бірақ ол да жеткіліксіз. Не болып жатқанын түсінуге көмектесетін техника мен әдістер қажет. Бәрін дереккөздерді тексеруден бастау керек. Өзіңізге мынадай сұрақтар қойған дұрыс: Адам өзінің айтып жатқанына қаншалық куә бола алады? Ол не болғанын жақсы түсінді ме?
Аноним каналдарға сенудің қажеті жоқ. Контентті кім жасайтынын білмесек, бұл ақпарат көзінің мотивациясы, мақсаты мен міндеті қайсы екенін де біле алмаймыз. Аноним блогтар мен каналдар авторы өз сөздеріне жауап бермейді және фейк жаңалықтарды көбірек таратуы мүмкін.
Фотосуреттер мен видеолар да көбіне жалған екенін есте ұстаған жөн. Бұл фотосуреттер мен видеолар қашан түсірілгеніне назар аудару керек, көбінесе олар бірнеше жыл бұрын және мүлдем басқа жағдайларда түсірілген болып шығады.
Фактіні пікірден, ал жеке пікірді эксперттер пікірінен ажыратуға тырысыңыз. Саясаттанушының қандай да бір оқиға туралы пікірі актерлардың әлеуметтік желідегі жазбаларынан маңыздырақ болуы мүмкін. Әлеуметтік желілердегі танымал адамдардың постын аналитикалық болжам мен сенімді ақпарат ретінде емес, адамның жеке ұстанымы мен оның оқиғаны түсіндіруі ретінде қабылдау керек.
Дереккөздер:
1. РБК; Анастасия Морошкина “Фейк-ньюс и пропаганда: как не поддаться на манипуляции сознанием” 21.03.2022 https://trends.rbc.ru/trends/education/622f17f79a79476203c9e8ba
2. Белова Н.Е. Ғылыми мақала “Особенности дискурса информационной войны” https://cyberleninka.ru/article/n/osobennosti-diskursa-informatsionnoy-voyny/viewer
3. Холод Медиа “Как фильтровать информацию и не вестись на фейки” 01.03.2022 https://holod.media/2022/03/01/kak-filtrovat-informacziyu/