Харассмент деген не?
«Харассмент» түсінігі психологиялық қысымның алуан түрін білдіреді. Ағылшынша «haassment» деген сөз жағдаяттардың кең ауқымын сипаттайды: басқа адамды ренжітетін немесе кемсітетін сөздер, ым-ишара, әрекет, басқа адамдардың шекарасын жүйелі түрде бұзатын мінез-құлық, психологиялық қысым [1]. Демек жеке шекараны бұзуды «харассмент» деп айтуға болады.
Харассмент туралы айтқанда әртүрлі мінез-құлық туралы сөйлеп тұруымыз мүмкін. Оған әзіл-қалжың мен сексуал ишарадан бастап, шапалақпен тартып қалу, денеге жанасу, қорқыту мен қоқан лоқы жасауға дейінгілер жатады. БҰҰ сексуал харассментке басқа адамды ренжітуі немесе кемсітуі мүмкін сексуал ишара мен ым-ишараны және басқа да әрекеттерді жатқызады [2].
Харассмент қандай жағдайларда болады?
Көбінесе шекараны бұзу бастық пен бағынышты, мұғалім мен студент, дәрігер мен пациент сияқты белгілі бір иерархия бар қарым-қатынаста болады. Сөйте тұра, агрессордың мақсаты жәбірленушімен қарым-қатынас орнату бола бермейді. Көбінесе бұл сол адамға қатысты билікті асыра пайдалану және өзінің басым екенін, жазасыз қалатынын сезінуге ұмтылу. Өйткені харассмент фактісін дәлелдеу қиын болуы мүмкін [3].
Сексуалды алымсақтық деген не?
Сексуалды алымсақтық — орынсыз қалжың мен физикалық мәжбүрлеуден бастап еркінен тыс интимді қатынастар орнату амалына дейінгі кез келген жағымсыз сексуалды әрекеттерді қамтитын харассмент түрі.
Харассмент сексуалды алымсақтықтан несімен ерекшеленеді?
Харассменттің сексуалды алымсақтықтан негізгі ерекшелігі ізіне түсу белгілері саналады. Харассмент дискриминацияға немесе ізіне түсудің кез келген түріне негізделсе, сексуалды алымсақтық үнемі сөздің сексуалды астарымен немесе орынсыз сексуалды әрекетпен байланысты болады.
Харассментке тап болғанда не істеу керек?
Харассментке тап болғанда, ең әуелі, адам шекарасының бұзылғанын түсініп, болып жатқан оқиғаға тек агрессор кінәлі екенін қабылдауы керек. Харассменттің әр сәтін видеоға немесе аудиоға басып алуға, күнін, уақытын, болған орнын жазып алуға тырысу керек. Куәгерлерді есте сақтаған жөн, бұл полицияға немесе сотқа хабарласқанда көмектеседі. Жағдайды жария еткен де дұрыс. Бұл қиын болуы мүмкін, бірақ жариялық – мұндай әрекеттерді тоқтатудың жақсы механизмі].
Мысалы, Demoscope 2021 жылы жүргізген сауалнама бойынша, азаматтардың 82%-і Қазақстанда сексуал алымсақтық мәселесін өзекті деп есептейді. Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 92%-і сексуал алымсақтық жағдайларын назардан тыс қалдыруға болмайды және бұл мәселемен мемлекеттік деңгейде күресу керек деп санайды. Олардың 57%-і алымсақтыққа ұшыраған адамдарды заңнама және корпоратив деңгейінде қорғау қажет дейді. Ал 35%-і басқа адамның шекарасы мен құқығын бұзған әр адам жазалануы керек деп есептейді [4].
Харассмент және сексуалды алымсақтық заманауи қоғам үшін барлық деңгейде белсенді әрекет пен саналы амалды қажет ететін үлкен қатерлердің біріне айналды. Qlever білім беру платформасы Stop Harassment интерактивті ойыны арқылы осы тақырыпты зерттеудің өзгеше жолын ұсынады. Ойын алымсақтықтың әртүрлі формаларын түсіндіріп, шынайы оқиғаларды мысалға ала отырып оларға қалай тиімді жауап беру керек екенін үйретеді. Бұл проблеманы шешудегі алғашқы қадам хабардар болу екенін тағы бір мәрте көрсетеді.
Дереккөз:
- http://www.un.org/womenwatch/osagi/UN_system_policies/(UNHCR)policy_on_harassment.pdf
- https://www.wonderzine.com/wonderzine/life/life/223925-harassment
- https://trends.rbc.ru/trends/education/61b7083b9a79472af6ae2e93
- https://medianet.kz/news/қазақстандықтардың-жыныстық-бопсала/?lang=ru
Бұл материал Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің қаржылық қолдауымен дайындалды.
Материал мазмұны MediaNet-тің жуапкершілігінде және Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.