Көз алдыңызға қабылдаған әр шешіміңіз – расында да өз шешіміңіз болатын әлемді елестетіңізші. Ғажап қой, ә? Сондықтан да манипуляцияны тану өте маңызды. Бұл сіздің ішкі қуатыңызды қорғайтын, шынайы, кіршіксіз қарым-қатынас құруға көмектесетін суперқабілет.
Манипуляцияны түсіну – бұл әлеуметтік қарым-қатынас орманы ішіндегі қорғаныш қалқаныңыз. Кімде кім сізді басқарғысы келген сәтте, бұл аяқта нық тұруға көмектеседі. Мейлі мектеп дәлізінде, достарыңызбен ортақ чатта немесе отбасылық кешкі аста болсын - сіз монипулятордан бір қадам алда тұрасыз.
Дегенмен ең бастысы – бұл сенімділігіңіздің кілті. Манипуляцияны анықтай алғанда, сіз бөтен біреудің қойылымының кейіпкері емес, өз өміріңіздің режиссері боласыз. Өз сезіміңіз бен ойыңызға сенуді үйренесіз. Бұл – өте бағалы дүние. Ендеше өзгелер сенен көп нәрсе күтетін мына әлемде өзіңмен өзің болу өнерін бірге үйренейік.
Манипуляция деген не?
Манипуляция – адамның келісімінсіз және еш хабарынсыз оның ойына, сезіміне және мінез-құлқына әсер ете алу өнері. Бұл құдды біреу сіздің санаңыздағы көзге көрінбейтін толқындарды түрте отырып, сізді өзіңізге емес, керісінше манипулятордың өзіне пайдалырақ мақсаттарға бұруы секілді.
Осы ретте қолындағы қуыршақты оп-оңай басқара алатын адамды елестетіңіз. Манипуляция кезінде сіз қуыршаққа айналарыңыз түсінікті, ал эмоцияңыз, қорқынышыңыз, қалауыңыз бен сенімсіздігіңіз көзге көрінбейтін толқынға айналады. Манипулятор сізді қандай да бір әрекетке, не шешімге итермелеу үшін осы тетіктерді шебер қолданады.
Манипуляцияның басты ерекшелігі - оның жасырын болуында. Сіз өз қалауыңызбен әрекет етіп жатырмын деп ойлап, сізге манипуляция жасап жатқанын байқамай қалуыңыз да мүмкін. Манипуляция сізді шынайы таңдау еркіндігінен айырып, оны өз шешіміңіздің иллюзиясымен алдайды. Тура осы жерде манипуляцияның басты қаупі жасырынып жатыр.
Манипуляцияны қалай тануға болады?
- Манипулятор көп жағдайда ешқандай қателік жасамасаңыз да сізді кінәлі қып көрсету тәсілін қолданады. Бұл сіздің позицияңызды әлсірету үшін қолданылатын өте мықты психологиялық тәсіл. Мысалы, сіз қанша жерден ұсыныстан бас тартуға мүмкіндігіңіз болса да, ештеңеге міндетті болмасаңыз да манипулятор сізге «Менің саған жасаған осыншама жақсылығымнан соң да маған көмектесе алмайсың ба?» деуі мүмкін. Мұндай жағдайда бұл тәсілді тану, өзіңізді негізсіз кінәлі сезінбеу, айла-тәсілдерге ілінбей «жоқ» дей алу аса маңызды.
- Сізге ойлануға уақыт бермей, тез шешім қабылдауға итермелеп жатқанын сезесіз. Манипулятор «жедел шешім қабылдау қажет» немесе «бұл ұсыныс тек бүгін ғана актуал» деген сынды сөйлемдерді қолдана отырып, қолдан жасанды түрде жеделдік сезімін тудыруы мүмкін. Бұл мәселенің барлық аспектісін жан-жақты қарастырмастан, импульсив әрекет етуге итермелейтін тәсіл. Осы тұста кез келген мәселені егжей-тегжей ойналуға уақытыңыз бар екенін және бұған толықтай құқылы екеніңізді ұмытпаған жөн. Ал тез арада шешім қабылдау туралы кез келген қысым манипуляция болуы мүмкін. Жалпы өмірде жедел шешім қабылдау қажет болатын қандай жағдайлар бар? Әлбетте, өмірге қауіп төніп тұрған кезде. Мәселен, біреудің жүрегі ұстап қалды және дереу жедел-жәрдем шақыру қажет. Алайда өмірге тікелей қауіп төндірмейтін жағдайлар әдетте шұғыл болмайды және ол туралы ойлануға, ақпаратты тексеруге уақыт болады.
- Манипулятор өз мақсатына жету үшін сіздің эмоцияларыңызды құрал ретінде пайдалана отырып, эмоцияңызбен шебер ойнайды. Сізді қандай да бір шешімге, я әрекетке итермелеу үшін қолдан өзіңізді кінәлі сезіну сезімін, қорқыныш, сенімсіздік немесе тіпті қуаныш сезімдерін тудыруы мүмкін. Мысалы қателіктеріңізді әсірелеп, сізді ұятқа қалдыруға тырысуы мүмкін. Не болмаса сізге жағымпазданып, өзіңізді ерекше сезініп, оның өтінішіне келісуге итермелеуі мүмкін. Осы эмоциялық триггерлерді танып, олардың сіздің шешім қабылдауға әсері болмайтындай ету маңызды.
- Ақпарат көбіне асыра сілтеу немесе негізгі детальдар айтылмай, манипулятор үшін пайдалы жарықта ұсынылады. Манипулятор өз сөзіне субъективті бағалау мен пайымды таңа отырып, фактілерді эмоциямен көрсете алады. Бұл оқиғаны қабылдауыңызға әсер ету және белгілі бір тұжырымдарға немесе әрекеттерге итермелеу мақсатында жасалады. Бұл жерде мұндай әдістерді тануды үйрену және «біреу мені белгілі бір шешім қабылдауға немесе әрекетке әдейі итермелеуге тырысып жатқан жоқ па?» деген сұрақ қоя білу өте маңызды. Ақпараттың шамадан тыс эмоциямен берілуіне немесе басқа маңызды аспектілер туралы айтылмай, фактілердің бір бөлігі ғана берілген жағдайларға назар аударыңыз. Сыни ойлауды және ақпаратты талдау қабілетін дамыту осындай манипуляциялық тактикаларға қарсы тұруға көмектеседі.
- Сіздің жетістіктеріңізді немесе сезіміңізді манипулятор төмендетуі немесе елемеуі мүмкін. Бұл құнсыздану деп аталатын психологиялық әдіс. «Мұны кез келген адам істей алады» немесе «жәй ғана жолың болғыш» дей отыра, манипулятор сіздің жетістіктеріңіздің маңызын әдейі төмендетуі мүмкін. Сондай-ақ, ол "Асыра сілтемеңіз" немесе "Сіз тым сезімталсыз" деген сияқты сөз тіркестерін қолданып, эмоцияларыңызды елемеуі мүмкін. Мұндай әрекеттің мақсаты – өзіңізге деген сенімділікті төмендетіп, бұдан кейінгі манипуляцияларға осал ету. Бұл тактиканы да тануды үйрену және олардың сіздің өзіңізді бағалауыңызға әсер етуіне жол бермеу маңызды.
- Газлайтиң - бұл өз санаңыздағы шындыққа күмәндана бастауға итермелейтін психологиялық манипуляцияның түрі. Манипулятор фактілерді жоққа шығаруы, оқиғаларды бұрмалауы немесе тіпті бір нәрсені дұрыс түсінбегеніңіз немесе есте сақтағаныңыз үшін сізді кінәлауы мүмкін. Мысалы, ол: "Қателесесің, мен мұны ешқашан айтқан емеспін" немесе "Бұл саған солай көрініп тұр" деуі мүмкін. Газлайтиңтің мақсаты - сізді одан әрі манипуляцияларға осал қылу үшін өзіңізге және сіздің пікіріңізге деген сенімділікті төмендету. Егер сіз газлайтиң құрбаны болып жатырмын деп күдіктенсеңіз, есте сақтау қабілетіңізге және сезімдеріңізге сеніңіз, сондай-ақ басқа адамдардан қолдау сұрай біліңіз.
Ал достық қарым-қатынаста манипуляция өте нәзік болуы мүмкін. Досыңыз «Сен маған көмектесетін жалғыз адамсың, көмектеспесең, маған жаның ашымайды деген сөз» деуі мүмкін. Бұл жерде өзіңізді кінәлі сезіндіре отырып, сіз қаламайтын немесе сізге ыңғайсыз нәрсе жасауға мәжбүрлеуі мүмкін. Мектепте манипуляция қатарластардың қысымына байланысты болады. Мысалы, сыныптасыңыз «Егер сен маған адал дос болсаң, бақылау жұмысын көшіруге мүмкіндік бер» деуі мүмкін. Бұл араңыздағы достықты қолдана отырып, ережені бұзуға мәжбүрлейтін құрал.
Онлайн манипуляциялар және FOMO
Интернеттегі манипуляциялар көбіне әлеуметтік қысыммен және FOMO-мен (Fear of Missing Out) байланысты. Бұл "маңызды нәрсені өткізіп алудан қорқу" деп аударылады. Бұл жағдай басқалардың сізден гөрі қызық тәжірибе алуы мүмкін деген алаңдаушылық пайда болады. Әлеуметтік медиа дәуірінде әсіресе бұл құбылыс кең таралды, өйткені өзгелердің өміріне толы ақпарат ағыны мүмкіндікті жіберіп алдым деген сезімді күшейтеді.
Әлеуметтік желілер көптеген оқиға мен мүмкіндіктерді көрсете отырып, FOMO-ның дамуында шешуші рөл атқарады. Өз өміріне қанағаттанбау мен жалғыздық бұл жағдайды күшейтеді, ал кейбір биологиялық факторлар әлеуметтік оқшаулану қаупі ретінде бағалануы мүмкін.
FOMO белгілеріне үнемі хабардар болуға деген ұмтылыс, әлеуметтік желілерді шамадан тыс пайдалану және ақпараттан құр қалған кезде мазасыздық жатады. Бұл жағдай стресске, өзін-өзі бағалаудың төмендеуіне, депрессияға және ұйқының бұзылуына әкелуі мүмкін.
FOMO-мен күресу үшін әлеуметтік желілердегі уақытты шектеу, зейінді жаттықтыру және осы сәтті бағалау маңызды. Жақындарыңызбен және достарыңызбен нақты қарым-қатынас жасау да көмектеседі. Бір уақытта барлық жерде болу мүмкін емес екенін түсіну — әл-ауқатты жақсартудың маңызды қадамы.
FOMO — бұл өмір сапасына әсер ететін заманауи құбылыс, бірақ оны дұрыс стратегиялармен жеңуге болады.
Манипулятор деген кім?
Манипулятор — өз мақсатында жету үшін шынайы пиғылын жасырып, басқа адамдарға ықпал етудің әртүрлі қадамдарын қолданатын адам. Манипуляторлар басқа адамдардың сезімімен ойнайды.
Манипуляция әрекеттерінің элементтері әр адамда байқалатынын, кейбірінде тіпті бейсаналы түрде болатынын түсіну маңызды. Алайда кей адамдар манипуляцияны жүйелі түрде және әдейі қолданады. Мұндай әрекеттің себептері әртүрлі болуы мүмкін: өзінің сенімсіздігінен бастап, жағдайды бақылағысы келу, сау қарым-қатынас құра алмауға дейін.
Манипуляцияға бейім адамдардың мынандай түрлері бар:
- Құрбан. Үнемі шағымданып, басқаларының аяушылық сезімін тудырғысы келеді
- Агрессор. Мақсатына жету үшін қоқан-лоқы көрсетіп, қорқытуға барады.
- Жағымпаз. Қалағанына жету үшін артығымен мақтайды.
- Бақылаушы. Басқа адамдардың өмірінің әр саласын басқарып отыруға ұмтылады.
- Газлайтер. Шындықты қабылдауына күмәнмен қарауға итермелейді.
Адамдар неге манипуляция жасайды және манипуляцияға ұшырайды?
Адамдар басқаларды әртүрлі себептермен манипуляциялайды. Өзін-өзі сенімсіз сезіну манипуляторларды өз кемшіліктерін өтеу үшін басқаларды басқаруға итермелейді. Кейбіреулер манипуляцияны айналасындағы адамдарға үстемдік етудің жолы ретінде пайдаланады. Кейде адамдар дұрыс қарым-қатынас жасау дағдыларының жетіспеушілігінен манипуляцияға жүгінеді, яғни өз қажеттіліктерін сау жолмен жеткізе алмайды.
Өзімшілдік те маңызды рөл атқарады: кейбір адамдар өздерінің қалағанын алу үшін манипуляция жасап, басқалардың сезімдерін елемейді. Кейбіреулер үшін манипуляция әдетке айналып, айналадағы адамдармен қарым-қатынастың қалыпты тәсілі болып кетеді. Манипуляцияның себептерін түсіну мұндай мінез-құлықты ақтамайды, бірақ өзіңізді қорғауға және дені сау қарым-қатынас құруға көмектеседі.
Манипуляцияға қатысты психологиялық эксперименттер
Адамдардың манипуляцияға жүгіну себептерін түсіну белгілі психологиялық эксперименттердің нәтижелерімен тығыз байланысты. Манипуляциялық мінез-құлықтың мотивтері әлеуметтік психология саласындағы эксперименттер нәтижесінде көрініс табады.
Стэнли Милгрэм эксперименті
1960 жылдары психолог Стэнли Милграм жүргізген атақты эксперимент авторитетке бағынуды зерттеді. Эксперименттің мәні мынада болды: қатысушыларға жазалаудың оқуға әсерін зерттейтін тәжірибеге қатысатыны айтылды. Олардың рөлі «шәкіртке» (шын мәнінде актерге) қате жауаптары үшін электр разряды беріп отыру еді. Әр қателіктен кейін ток күші артып, өмірге қауіп төндіретін деңгейге дейін жеткен. Ақ халат киген эксперимент жүргізуші, «шәкірт» ауырсынғаннан айқайлағанына қарамастан, тәжірибені жалғастыруды талап етті. Таңқаларлығы, қатысушылардың 65%-ы, өздерінің айқын ыңғайсыздығына қарамастан, ток күшінің максималды деңгейіне дейін жетті.
Эксперимент қатысушылардың авторитеттің манипуляциялық күшінің әсерінен өз моральдық қағидаларына қайшы әрекеттер жасайтынын көрсетті. Бұл әлеуметтік қысымның күшін және адамдардың өз этикалық нормаларына қайшы келетін бұйрықтарға бағынуға бейімділігін айқын дәлелдейді.
Филипп Зимбардоның түрме эксперименті
1971 жылы психолог Филип Зимбардо жүргізген Стэнфорд түрме эксперименті адамдардың манипуляцияға қаншалықты оңай берілетінін және оларға жүктелген әлеуметтік рөлдерді қалай қабылдайтынын айқын көрсетті.
Эксперимент барысында ерікті студенттер кездейсоқ түрде «тұтқындар» және «қорғаушылар» болып бөлініп, тәжірибе жасанды түрме жағдайында жүргізілді. Барлық қатысушы эксперимент екенін білгеніне қарамастан, өз рөлдеріне тез еніп кетті. «Қорғаушылар» «тұтқындарға» қатыгездік пен садизм көрсете бастады, ал «тұтқындар» өз кезегінде депрессия мен стресс белгілерін көрсете бастады.
Эксперимент қатысушыларға психологиялық тұрғыдан күтпеген теріс әсер еткендіктен, оны мерзімінен бұрын тоқтатуға тура келді. Бұл эксперимент жағдай мен әлеуметтік күтілімдердің адамдардың мінез-құлқына, олардың әдеттегі моральдық қағидаларына қайшы келсе де, қалай қатты әсер ететінін көрсетті.
Топтың индивидтің пікіріне ықпалы
1950 жылдары Соломон Аштың классикалық зерттеуі топтық қысымның пікірге әсері мен конформизмді зерттеді. Экспериментке арнайы актерлерден құралған топ қатысты. Олар әуелі дұрыс жауап беріп, кейін әдейі қате жауаптарды таңдай бастады. Қатысушы дұрыс жауапты айқын көрсе де, көпшілікпен келісуге бейім болды, тіпті олардың жауабы қате екенін білсе де, көптің пікіріне келісті. Қатысушылардың 37%-ы конформизмді көрсетіп, топтың пікірімен келісті.
Конформизм — бұл мақұлдау алу немесе қақтығыстан қашу үшін өз көзқарастары мен мінез-құлқын топқа бейімдеу ұмтылысы.
Аштың эксперименті әлеуметтік қысымның жеке адамның өз пікіріне күмән келтіріп, көпшіліктің пікірімен келісуге қалай мәжбүр ететінін көрсетті.
“Үшінші толқын” эксперименті
«Үшінші толқын» эксперименті 1967 жылы Пало-Альто қаласындағы Кабберли мектебінде тарих пәнінің мұғалімі Рон Джонс тарапынан неміс халқының нацистік режимді қалай қолдағанын оқушыларға көрсету мақсатында өткізілді. Джонс қатаң тәртіпті енгізуден бастады. Оның ішінде тұрыс пен қарым-қатынас ережелерін қатаң бақылап, «Тәртіп арқылы күш» деген ұран жасады. Оқушылар бұл ережелерді тез қабылдап, сыныптағы атмосфера өзгерді.
Екінші күні «Қауымдастық арқылы күш» деген жаңа ұран енгізіліп, бірлік сезімі күшейді. Үшінші күні бұл қозғалыс «Үшінші толқын» деп аталып, Джонс оқушыларға мүшелік карталарын таратты. Кейбір оқушылар ережелерді сақтамағандарға шағымдана бастады. Төртінші күнге қарай қозғалыс 200-ден астам қатысушыны қамтыды. Джонс «Үшінші толқын» ұлттық қозғалысының бар екенін жариялап, жақында көшбасшының келетінін айтты.
Бесінші күні барлық қатысушы жиналғанда, Джонс олардың барлығы фашизмді зерттеуге арналған эксперименттің қатысушылары екенін айтып, нацистік Германия туралы фильм көрсетті. Оқушылар манипуляцияға қаншалықты оңай берілгендерін түсініп, таңғалды.
Эксперимент адамдардың бойында ерекшелік сезімін қалыптастыру арқылы оларға қаншалық тез манипуляция жасауға болатынын және топқа тиесілі болу үшін адамдардың өз моральдық қағидаттарынан қаншалық оңай бас тартатынын анық көрсетті. «Үшінші толқын» конформизм және сыни ойлаудың маңыздылығы туралы сабақ болды.
Бұл эксперименттер адамдардың манипуляция мен әлеуметтік қысымға қаншалық оңай берілетінін айқын көрсетеді. Алайда, мұндай механизмдер туралы хабардар болу – оларға қарсы тұрудың алғашқы қадамы екенін есте ұстау керек. Енді осы білімді жасөспірімдердің күнделікті өмірінде қалай қолдануға болатынын қарастырайық.
Шынайы өмірдегі манипуляция мысалы
Мектептегі жай ғана бір күнді елестетіңіз. 15 жастағы Маша маңызды сабақтың алдында сәл қобалжып, сыныпқа кіреді. Кенеттен оған сыныптағы ең танымал қыз, Маша дос болғысы келіп жүрген Катя жақындайды.
«Ей, Маша», – деп сыбырлайды Катя мысқылмен, «сабақтан кейін жігіттермен жиналамыз. Темекі мен ішімдік болады. Қосылғың келе ме? Қызық болады». Маша сәл абдырап, жүрегі жиі соға бастайды. Бір жағынан, танымал топпен бірге уақыт өткізу мүмкіндігі, сол топтың бір бөлігі болу мүмкіндігі. Екінші жағынан, өзінің жасында темекі шегу мен ішімдік ішудің қауіпті екенін жақсы біледі.
Катя Машаның күмәнданып тұрғанын көріп, одан әрі қысым жасай бастайды: «Қойшы, бәрі солай жасайды ғой. Әлде қорқып тұрсың ба? Өзіңді бізден артық деп ойлайсың ба?» Маша әлеуметтік қысым мен топтан шет қалудан қорыққандықтан, өз шешіміне деген сенімділігі бәсеңдей бастағанын сезеді.
Осы сәтте әкесінің денсаулық пен өзін-өзі құрметтеудің маңызы туралы айтқан сөздері Машаның еске түседі. Ол терең тыныс алып, бар батылдығын жинап: «Рахмет, Катя, бірақ мен бармаймын. Кешке басқа жоспарларым бар», – деп нық жауап береді.
Катя таңданып қастарын көтеріп, иығын қиқаң еткізеді де, кетіп қалады. Ал Маша кенеттен мақтаныш пен жеңілдік сезінеді. Ол азғыру мен манипуляцияны жеңіп, өз принциптері мен денсаулығын сақтап қалғанын түсінеді. Бұл сәт оның конформизмге қарсы кішкентай, бірақ маңызды жеңісі болып, өзін-өзі құрметтеу мен құндылықтарына деген сенімін нығайтады.
Бұл мысал мектеп ортасында әлеуметтік қысым манипуляция құралы ретінде қолданылатын жағдайларда жасөспірімдердің қалай манипуляцияға ұшырауы мүмкін екенін көрсетеді. Мұндай жағдайларды дұрыс түсіну және өз ұстанымын қорғау — жасөспірімдерге өздерінің жеке ерекшеліктері мен моральдық принциптерін сақтап қалуға көмектесетін маңызды дағды.
Манипуляциядан қалай қорғану керек?
● Сыни ойлауды дамытыңыз. Ақпарат пен адамдардың мотивін саралап, барлығын шындық деп қабылдамаңыз.
● Өзіңізді бағалау және өзіңе деген сенімділікті арттырыңыз. Өзін жоғары бағалайтын адамдар манипуляцияға азырақ ұшырайды.
● Жеке шекараңызды мықтап бекітіңіз. Қажет кезде «жоқ» деп айтыңыз.
● Манипуляция техникаларын тани біліңіз. Манипуляторлар қолданатын негізгі әрекеттерді зерттеңіз.
● Эмоциялық қысымға берілмеңіз. Қарым-қатынаста байсалды болыңыз.
● Нақтылайтын сұрақтар қойыңыз. Бұл оның шынайы пиғылын анықтауға көмектеседі.
● Шешім қабылдар алдында үзіліс жасаңыз. Асықтыруға немесе қысым жасауға жол бермеңіз.
● Интуицияңызға сеніңіз. Сізді манипуляциялауға тырысып жатқандай сезсеңіз, солай деген сөз.
● Жақындарыңыздан қолдау табыңыз. Қиын мәселелерді өзіңіз сенетін адамдармен талқылаңыз.
● Эмоциялық интеллектті дамытыңыз. Бұл өзіңді және басқаларды жақсырақ түсінуге көмектеседі.
Жолдастарыңның, достарыңның және ересектердің арасынан манипуляторды қалай тануға болады? Жауап қарапайым: сезімдеріңізге сеніңіздер. Біреу сізді манипуляциялауға тырысып жатқанын сезсеңіз, бұл рас болуы мүмкін. Манипуляцияға қарсы тұру – тәжірибе арқылы дамитын дағды екенін ұмытпаңыз. Сіз Qlever ойындары арқылы бұл дағдыны шыңдап, сыни ойлауыңызды дамыта аласыз. Qlever-мен бірге болыңыз, манипуляцияға берілмеңіз.