Төтенше жағдай мен карантин енгізілгеннен бастап, Орталық Азия елдерінде фейк жаңалық пен жалған ақпарат көбейді. Мемлекеттік органдар COVID-19-ға қатысты жағдай аясында әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қауесет пен жалған ақпарат таратқан адамдарды анықтау бойынша жұмыс жүргізді. Құқық қорғау органдары хабарламасы бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізілуде, содан кейін бұл адамдар жасаған ісіне өкініп, камера алдында халықтан кешірім сұрайды.
Өзбекстанда адамдар үшін қауіпті карантин және басқа инфекциялардың таралуы туралы жалған ақпарат таратқаны үшін 44,6 миллион сумға дейін айыппұл салынады, 300 сағаттан 360 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға жегіледі немесе 2 жылға дейінгі түзеу жұмыстарына тартылады. Егер фейк басылымдарда немесе бұқаралық ақпарат құралдарында таралса, жаза қатаңырақ болады - 44,6 миллионнан 89,2 миллион сумға дейін (4000-нан 8000 еуроға дейін), 300-ден 360 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға, 2 жылдан 3 жылға дейінгі түзеу жұмыстары немесе Өзбекстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 244-бабы бойынша 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру/шектеу жазасы бар.
Қазақстанда ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдар құқығы мен заңды мүддесіне немесе қоғамның, болмаса мемлекеттің заң қорғайтын мүддесіне елеулі зиян келтіру қаупін тудыратын қасақана жалған ақпарат таратқаны үшін 2 778 000-нан 13 890 000 теңгеге дейін (6000-нан 30 600 еуроға дейін) айыппұл салынады, түзеу жұмыстары да сол мөлшерде, 1200 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 7 жылға дейін бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру болжанады, бұл қылмысты кім, қалай жасағанына байланысты – бір адам, адамдар тобы, қылмыстық топ, алдын ала сөз байласу арқылы немесе онсыз. Сонымен қатар, төтенше жағдайда мұндай іс-әрекет жазасы барынша жоғары – 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе одан айыру.
Қырғызстанда жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік Қырғызстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 344-бабы «Қылмыс туралы біле тұра жалған хабарлау» бабы бойынша қолданылады, ол мынадай жаза қарастырады: 2 жылдан 2,5 жылға дейін түзеу жұмыстары, 180 мыңнан 220 мың сомға дейінгі айыппұл (2200-ден 2700-ге еуроға дейін) немесе 2,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы.
Дегенмен «Әділет» заң клиникасы адвокаттары талдауы бойынша, қылмыстық заңнамада фейктер таралғаны үшін ешқандай тікелей жауапкершілік қарастырылмаған. Адамды осы бап бойынша осындай әрекеттері үшін жауапкершілікке тарту үшін көрінеу жалған хабарламада нақты адам немесе қылмыс жасады деп болжанған адамдар туралы ақпарат болуы қажет; тікелей ниет болуы керек, яғни адам оның жалған хабарлама беретініне сенімді болуы қажет; хабарлама біреу жасаған қылмыстық әрекет - қылмысқа қатысы болуы керек, басқа заңға қайшы әрекеке емес.
Тәжікстанда 2020 жылдың 4 шілдесінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жасалған түзетулер күшіне енді. Мақұлданған түзетулер бойынша (374-бап) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы пандемия туралы жалған ақпарат таратқаны үшін мынадай айыппұл қарастырылғын: 580 сомониден (50 еуро) немесе жеке тұлғаларға 10-15 тәулік мерзім шамасында әкімшілік қамауға алу, ал заңды тұлға үшін 11 мың 600 сомониге дейін (985 еуро).
Оған қоса, Тәжікстанда жалған мәліметтермен тікелей күресуге бағытталмаған болса да, Қырғызстандағыдай осыған байланысты қолдануға болатын заң бар. Тәжікстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабы «Көрінеу жалған сөз жеткізу» бойынша қылмыс жасағаны үшін 29 мыңнан 58 мың сомониге дейін айыппұл салынады немесе 2 жылға дейін бас бостандығы шектеледі. Дәл сол әрекет ауыр немесе ерекше ауыр қылмыс жасағаны үшін айыптау дәлелдерін жасанды түрде жасай отырып, пайдакүнем ниетпен немесе ұйымдасқан топ мүддесі үшін жасалса, 2 жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына немесе 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Егер мұндай әрекетті судья, прокурор, тергеуші немесе анықтаушы жасаса немесе ауыр зардаптарға соқтырса, онда олар 5 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Материал BRYCA жобасы аясында Еуропалық Одақ қолдауымен дайындалды.