Біз күн сайын өте көп контентке тап болатын заманауи ақпарат кеңістігінде ненің журналистік материал екенін, ал ненің нарративті жарнама екенін ажырата алу өте маңызды. Бір қарағанда, айырмашылық бұлыңғыр көрінеді, бірақ тереңдей түссек, бұлардың ақпараттың әртүрлі формасы екенін, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен мақсаттары барын білеміз. Контенттің бұл екі типін қалай ажыратуға болатынын қарастырып көрейік.
Журналистік материал: Ақпарат және бейтараптылық
Журналистік материал - оқырмандарға оқиғалар, тенденциялар немесе құбылыстар туралы бейтарап ақпарат беретін қоғамды ақпаратпен қамтудың негізі. Ол фактілер мен тексерілген ақпаратқа негізделеді және қандай да бір мүдделерді жақтамауға тырыса отырып бірнеше тараптың әртүрлі көзқарасын көрсетеді. Журналистің негізгі міндеті – бақылаушы және аналитик рөлінде қалып, шынайы және актуал ақпарат ұсыну. Журналистиканың маңызды аспектісі оның тәуелсіздігі және сыртқы тараптардың ықпалынан ада болуы.
Нарративті жарнама: Жақсы ат жинаудың жасырын формасы
Нарративті жарнама аудиторияның назарын аударып, онымен эмоциялық байланыс құру үшін мазмұндау элементтерін қолданатын маркетингтік хабарламаның формасы. Журналистік материалға қарағанда, нарративті жарнаманың коммерциялық мақсаты бар – өнімді немесе қызметті таныту, брендтік құндылықтар енгізу және компанияның имиджін қалыптастыру. Ол жарнамаланып отырған өнімнің жақсы жақтарын көрсету үшін әңгіме, оқиғалар мен образдарды пайдалануы мүмкін.
Екеуін қалай ажыратуға болады?
- Дереккөздер мен фактілер: Журналистік материал тексеруге болатын әртүрлі дереккөздер мен фактілерге сілтеме келтіреді. Нарративті жарнамада беделді дереккөздерге немесе деректерге сілтеме болмауы мүмкін.
- Үні мен стилі: Журналистер бейтарап үн мен стильді сақтап қалуға тырысады, қандай да бір тараптың сөзін сөйлемеуге тырысады. Жарнама материалы, керісінше, эмоцияға толы болуы мүмкін және өнім немесе қызметке келгенде сенімді сөйлейді.
- Контент мақсаты: Журналистік материалдың мақсаты — ақпараттандыру, ал нарративті жарнаманың мақсаты — өнім немесе идеяны алға жылжыту.
Бұл екі форманың негізгі ерекшелігі олардың мақсаты мен ақпаратты ұсыну әдістерінде жатыр. Журналистік материал бейтарап және тәуелсіз болуға ұмтылады, ал нарративті жарнама эмоциялық тартымдылыққа және сауда аспектілеріне назар аударады.
Медиасауатты арттыру контенттің осы екі типін ажыратуды да қамтиды. Бұл оқырмандарға ақпарат іздеген кезде саналы және ақпараттанған шешім қабылдауға, өзінің пікірін қалыптастыруға көмектеседі.
Дереккөз: https://msavod.uz/