Инфосығандар немесе псевдомамандар деген кімдер? Оларды ажыратып, қақпанына түсіп қалмас үшін не істеу керек?
03.10.2024 • 05:22«Жылдам жетістік» туралы жиі айтатын қазіргі ақпарат кеңістігінде жаңа кейіпкерлер, инфосығандар пайда болды. Бұл термин бизнестен бастап тұлғаны дамыту сияқты әртүрлі салада жетістікке жетудің «жеңіл» және «жылдам» шешімін ұсынатын псевдомамандардың артуымен танымал бола түсті. Олар қымбат, бірақ көбіне пайдасы жоқ курстар, тренингтер мен консультациялар өткізеді. Олардың ықпалы манипуляция мен агрессивті маркетинг аудитория тартудың негізі құралына айналған цифрлық экономиканың арқасында арта түсті. Бұл мақалада псевломамандардың кім екенін, олардың қандай әдістерді қолданатынын және айла-шарғысынан құтылу жолдарын айтамыз.
«Инфосығандар» термині ром халқы туралы этникалық стереотиптерге негізделген ұғым болғандықтан, расистік және ксенофобтік коннотациясы үшін дұрыс саналмайды. Бұл терминді ауыспалы мағынада қолданудың өзі аталған этникалық топқа деген әділетсіз, көбіне алаяқтықты меңзейтін ойды тереңдете түседі. Ары қарай біз этникалық стереотипті нығайтпас үшін «псевдомаман» немесе «псевдогуру» сияқты терминдерді қолданамыз.
Псевдомамандардың белгілері
1. Күш салмай нәтижеге жеткізуге уәде беру
Псевдомамандардың негізгі белгілерінің бірі – айтарлықтай күш жұмсамай жылдам жетістікке жеткізуге уәде беру. Мұндай «сарапшылар» көбіне «Бір айда миллион тап» немесе «Үш күнде өмірлік жұмысыңды анықта» деген сияқты сөздермен аудитория тартады. Олар адамдардың күш салмай жылдам нәтижеге жеткісі келетін табиғи қалауын ойыншыққа айналдырады. Шын өмірде жетістік уақытты, табандылықты және өз саласын терең түсінуді талап етеді. Қас-қағым сәтте жетістікке жету туралы кез келген ұсынысқа күмәнмен қарау керек.
2. Шынайы тәжірибе мен біліктіліктің болмауы
Мұндай алаяқтардың тағы бір белшісі — өзін сарапшы деп таныстыратын адамның шынайы тәжірибесінің болмауы. Псевдомамандар көбіне сарапшы иллюзиясын көрсетіп, «жабық семинарға», «арнайы тренингке» қатысқанын немесе танымал адаммен серіктес болғанын айтып, жетістіктерінің дәлелін келтірмейді. Олар біліктілігін көрсету үшін ойдан шығарылған немесе тексерілмеген жетістік оқиғаларын қолдануы мүмкін. Алайда нағыз кәсіби мамандар тәжірибесін нақты жоба мен құжат арқылы растай алады.
3. Эмоцияға қысым жасау
Псевдо гуру өнімі мен қызметтерін сату үшін эмоциялық триггерлерді қолданады. Олар қорқыныш, сенімсіздік және комплекс сияқты эмоцияларға тиюге тырысады. Мысалы, біліміңіз бен біліктілігіңіз жеткілікті болмаған соң мүмкіндіктен айырылып қаласыз, ал олардың курсы проблемаңызды шешудің жалғыз жолы деп айтады, осылайша кінә мен үрей сезімімен ойнап, адамды импульсивті шешім қабылдауға мәжбүрлейді.
4. Қымбат курстар сату
Псевдосарапшылар әдетте тегін немесе арзан материал, вебинар немесе тренингтер ұсынады. Бұл бір қарағанда құнды көрінуі мүмкін. Бірақ ондай «тегін» ұсыныстардың басты мақсаты — аудиторияны қымбатырақ курстар мен жеке консультацияларға тарту. Адам біртіндеп «қымбат чекке» тартылады. Ал терең білім мен қолдау уәде етілген қымбат бағдарламалар нәтижесінде кіріспе материалдан артық болмай шығады. Бұл стратегия адамды мақсатына жеткізе алатындай көрінетін псевдотренерге тәуелділік сезімін ояту үшін жасалған.
5. Бұқараға және агрессивті маркетингке бағытталу
Псевдосарапшылар тегін материалдар ұсынып, агрессивті маркетинг қолданады. Бұл шын мәнінде қымбат курстарға еліктіруге арналған айла ғана. «Соңғы орындар қалды» немесе «жеңілдік шектеулі» секілді ұсыныстармен абай болыңыз. Бұл тұтынушыға қысым көрсетудің классикалық тактикасы.
6. Беделді образдар мен есімдерді қолдану
Интернет гуру беделін арттыру үшін өзін танымал адамдармен немесе табысты компаниялармен ассоциация жасайды. Олар танымал мамандармен «араласатынын» немесе «жұмыс істейтінін» айтып, бизнесмендерді атауы мүмкін. Мұндай байланыс көбіне асыра сілтеп айтылады немесе ойдан да шығарылып жатады. Бұл беделді фигураларды атай отырып аудиторияның сенімін тудыру үшін жасалады.
7. Жабық қауымдастықтар құру
Өтірік мамандар ақылы жабық клубтар немесе қауымдастықтар жасайды. Оны элиталы топтар ретінде таныстырып, оған тек арнайы шақырту бойынша өтуге болатынын алға тартады. Қауымдастық мүшелеріне үлкен аудитория қол жеткізе алмайтын «құпия білім» қолжетімді деген уәде береді. Мұндай клубтар «ерекше» топқа мүше болу сезімін оятқанымен, манипуляцияның тағы бір формасы саналады.
Псевдосарапшылар қоғам мен бизнеске қалай әсер етеді
Тиісті білімі мен тәжірибесі болмаса да, өзін сарапшы деп атайтын адамдар қоғам мен бизнеске ықпал етеді және оны бағаламауға болмайды. Олардың әдістері жылдам шешім іздейтін адамдардың психологиясына әсер етіп, өз кезегінде мұның жеке деңгейде ғана емес, қоғам деңгейінде де салдары болуы мүмкін.
1. Жеке дамуға және психологиялық күйге ықпалы
Мұндай қызметтердің ең көзге көрінетін салдары жеке дамуда байқалады. Псевдомамандар адамдарды өзін жетілдірудің дара және тиімді әдістерін ұсынып, жылдам байлық, мансап немесе жеке проблемалардың шешімін айтуға уәде береді. Осылайша адамдар осы бағдарламаларға қыруар ақша салады да, нәтижесін көрмейді. Нәтижесінде олар ақшасын ғана емес, уақытын да жоғалтады. Ең бастысы, білім мен өзін дамыту арқылы мақсатқа жету мүмкіндігіне сенімінен айырылады. Мұндай сәтсіздіктердің психологиялық салдары өзін бағалауын төмендеуі, көңілі қалу, стреске алып келуі мүмкін. Бұл ұзақ мерзімде эмоциялық күйге теріс әсер етеді.
2. Шынайы мамандарға сенім жоғалтуға ықпалы
Өзін гуру деп атайтын адамдар сарапшылық иллюзиясын жасау үшін маркетингтік амалдар мен жалған пікірлер қолданады. Бұл білімі мен біліктілігі адамдарға расымен көмектесе алатын кәсіби мамандарға проблема тудырады. Аудитория псевдомамандар тарапынан болған алаяқтыққа тап болғанда, олар барлық тренинг, курс пен білім беру бағдарламаларына күмәнмен қарай бастайды. Мұндай сенімсіздік нағыз мамандардың беделін түсіріп, ақыр соңында білім беру және консультациялық индустрияға кесірін тигізеді. Адамдар шынайы мамандардан қашып, күмәнді дереккөзден білім алуды жөн көруі мүмкін немесе тіпті өзін дамытуды тоқтатуы да ықтимал.
3. Бизнес пен кәсіпкерлікке теріс әсері
Жалған мамандар бизнеске де кері әсер етеді. Псевдосарапшылар басқару, маркетинг немесе бизнесті дамыту бойынша «құпия әдістеме» ұсынатынын айтып, кәсіпкерлерді адастырады. Мұндай кеңестерге сенетін бизнесмендер қаржылай шығынға батуы мүмкін. Тіпті, дұрыс емес және дәлелденбеген ұсыныстар компанияның операциялық жұмысының бұзылуына, клиенттер мен беделден айырылуға әсер етіп жатады. Нәтижесінде көптеген кәсіпорын бәсекеге қабілеттілігінен айрылып, банкроттыққа тап бола жаздайды.
4. Экономикалық салдары және еңбек нарығына ықпалы
Олар агрессивті маркетинг қолданып, өздері орындай алмайтын уәде беріп, курстары мен бағдарламаларын белсенді сатады. Бұл экономиканы шығынға батылады, себебі адамдардың көбі шынайы білім немесе біліктілікті дамытуға инвестиция жасаудың орнына, қаражатын күмәнді қызметтерге салады. Ұзақ мерзімде бұл еңбек нарығына да әсер етеді, себебі псевдомамандардың бағдарламалары адамдарды практикалық және сұранысқа ие білім игеруге көмектеспейді. Бәсекеге қабілетті маман атанудың орнына мұндай курстарға қатысушылар жалған сенімділікке ие болады. Бұл өз кезегінде жұмысқа тұруды және қызметін жоғарылатуды қиындатады.
5. Этикалық нормалар мен стандарттардың бұзылуы
Мұндай қызметтің ең күрделі мәселесі – этикалық нормалардың бұзылуы. Псевдосарапшылар жетістік оқиғалары, жалған пікірлер мен эмоциялық манипуляциялар арқылы жылдам жетістік иллюзиясын жасайды. Бұл жалпы білім беру және консультациялық қызметтерге деген сенімді азайтып, скептикалық атмосфера тудырады. Сонымен қатар көптеген «сарапшы» құқықтық және кәсіби стандарттарға сай жұмыс істемейді. Бұл олардың қызметін этикаға сай емес әрі заңсыз қылады. Бұл білім беру және консультациялық қызметтер нарығындағы стандарттардың төмендеуіне алып келіп, тұтынушылар үшін оның қауіпсіздігін төмендетуі мүмкін.
6. Әлеуметтік саладағы алдау
Бұл «мамандар» әлеуметтік салада да белсенді жұмыс істеп, жеке және отбасылық проблемаларды шешуге, денсаулықты жақсартуға немесе психикалық күйді қалпына келтіруге уәде беріп жатады. Бұл саладағы псевдосарапшылар адамдарды адастырып немесе жағдайын одан сайын нашарлатып, қауіпті немесе тиімсіз әдістер ұсынуы мүмкін. Мысалы, психологиялық проблемалардан жылдам емделуге уәдеден соң адамдар психолог немесе психотерапевтердің кәсіби көмегінен бас тартуы мүмкін. Бұл оның жағдайын нашарлататыны анық. Нәтижесінде мұндай курстар мен тренингтер физикалық қана емес, психикалық денсаулыққа да кері әсер ете алады.
Псевдомамандардан қалай қорғану керек
Псевдомамандардың негізгі белгілерін талдап шыққандықтан, олардың ықпалынан қорғану жолдарын да білу керек.
-
Ақпарат пен пікірлерді тексеріңіз
Ақшаңызды курстар немесе тренингтерге жұмсамас бұрын, зерттеу жүргізу керек. Басқа адамдардың пікірлерін қарап шығыңыз, олардың жетістіктері бар-жоғын анықтаңыз, бағдарламалардың басқа қатысушыларға қандай нәтиже бергенін біліп алыңыз. Нағыз кәсіби мамандарда әдетте оның дәлелі болады, беделді ұйымдардың ұсыныстары мен шынайы кейстері болады. Олар туралы тәуелсіз ресурстарда немесе кәсіби қауымдастықтарда ақпарат бар-жоғын тексеріңіз.
-
«Құпия әдістерден» алыс жүріңіз
Жалған коучтар жетістікке жетуге көмектесетін «эксклюзив» және «құпия» білімге ие екенін айтады. Алайда жылдам баю немесе жетістікке жетудің ондай рецепттері жоқ. Нәтижеге жету үшін еңбек, практикалық білім мен тәжірибе керек. Сізге жылдам өзгеріс уәде етсе, ол алаяқ болуы мүмкін деп қабылдаңыз.
-
Шұғыл және жеңілдік деген манипуляцияларға ермеңіз
Курс сатып алудың «соңғы мүмкіндігін» ұсынса немесе бағдарламаға жеңілдік барын айтса, шешім қабылдауға асықпаңыз. Шынайы сарапшылар ондай маркетингтік айланы қажет етпейді. Олар сіз қанша уақыт шешім қабылдасаңыз да құндылық ұсынуға дайын болады.
-
Көп уәдеден сақ болыңыз
Псевдосарапшы өміріңіздің барлық саласында көмектесе алатынын айтса, ойланып көріңіз. Барлық салаға маманданған адам болмайды. Нағыз кәсіби сарапшылар әдетте тек бір бағытқа маманданады және сол салада терең білімге ие.
-
Сыни ойлауды дамытатын ойындар ойнаңыз
Сыни ойлауды және манипуляцияны анықтау дағдысын дамыту үшін әртүрлі ойын платформаларын қолдануға болады. Мысалы, QLEVER ақпаратты талдау және манипуляцияны анықтау сияқты дағдыларды жақсартуға көмектесетін жаттығулар мен викториналар ұсынады.
Псевдомамандар қазіргі қоғамдағы ең маңызды проблемалардың біріне айналды. Олар әрқайсымыздан абай болуды және сыни ойлауды қажет етеді. Ақпараттық манипуляция белгілерін олардың ұсыныстарын талдай отырып жеңіл анықтауға болады. Қарапайым кеңеске жүгіне отырып, торға түсіп қалудан қорғануға болады. Бастысы, жетістікке жалған мамандар ұсынатын жылдам шешім емес, уақыт, күш пен білім керек екенін естен шығармаңыз.
Сыни ойлау — осындай алаяқтардан қорғанудың ең басты құрды. Оны ақпаратты талдауға байланыстарды ойын ойнап, сенімді сарапшылармен араласып, сұрақ қойып дамытыңыз. Бұл ақша алу үшін адамдарға манипуляция жасайтын жалған сарапшылардың қақпанынан құтылуға көмектеседі.
Сыни ойлауды дамыту құралдарының бірі — Qlever платформасы. Онда осы дағдыларды дамытуға арналған ойындар бар. Мысалы, Super User ойыны ақпаратты талдау қабілетін жетілдіріп, саналы шешім қабылдауға жетелейді.