
Қазақстандық әнші Данэлия Төлешова America's Got Talent байқауының финалына өтті
17.09.2020 • 17:12Данэлия Төлешова America's Got Talent танымал америкалық шоуының ақтық сынына жолдама алды. Қазақстандық әнші АҚШ көрермендерінің бір тәулік ішінде дауыс беру нәтижесі бойынша фавориттер қатарында болды, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Финалға өту үшін Данэлиямен сайысқа түскен екі қатысушыда «Golden buzzer» (қазылар алқасының арнайы қолдауы) сыйлығы болған, бірақ көрермендер қазақстандық әншіні қолдаған. America' s Got Talent 15-кезеңінің финалы 22 қыркүйекте NBC телеарнасының тікелей эфирінен көрсетіледі.
«Осы уақыт бойы мені қолдап келген жандарға алғыс айтамын. Бұл апта шешуші болады, көп жұмыс істеу керек. Мен барынша тырысамын», – деді Данэлия.
Ақтық сайыста шырқалатын туынды әлі анықталған жоқ.
Бұған дейін Данэлия жартылай финалда британдық танымал әнші Jessie J-дің «Who you are» әнін орындаған еді. https://tengrinews.kz/music/daneliya-tuleshova-vyistupila-polufinale-americas-got-talent-414254/
Еске сала кетсек, мамыр айының соңында America’s Got Talent шоуының ресми каналында қазақстандық әнші Данэлия Төлешова қатысқан бірінші эпизод жарияланды. Онда көрермендер де, қазылар алқасы да жас жұлдыздың өнеріне тік тұрып қол соққан еді.