Қазақстандық студент адам құқықтары жөніндегі халықаралық видеоролик байқауында жеңіске жетті
25.12.2020 • 11:06Қызылордалық Азамат Ибрагим «Ар-ождан және дін бостандығы» ролигімен бас жүлде иеленді.
17 желтоқсанда Санкт-Петербургтен 10 мен 22 жас аралығындағы оқушылар мен студенттер арасында өткен «Адам құқығы біздің көзімізбен» халықаралық видеороликтер байқауы қорытындысы туралы онлайн-трансляция өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Байқауға Беларусь Республикасынан, Ресей Федерациясынан, Қазақстан Республикасы мен ҚырғызстанРеспубликасынан 5000-нан астам адам қатысты. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы байқауға қатысушылар саны 2019 жылмен салыстырғанда биыл екі есе артты.
Балалар өз жұмысын БҰҰ Бас Ассамблеясы 1948 жылы 10 желтоқсанда қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы ережелеріне арнады. Қазіргі уақытта декларация ережелері БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің Конституциялары негізін қалады. Видеороликтердің көп бөлігі Жалпыға бірдей Декларацияның 1, 3, 26-баптары ережелеріне, атап айтқанда, адамның білім алу құқығына (168 жұмыс), өмір сүру құқығы, бостандық пен жеке бас қауіпсіздігіне (162 жұмыс), әр адамның өз абыройы мен құқықтары бойынша бостандық пен теңдік, бір-біріне бауырластық рухындағы қарым-қатынас құқығына (127 жұмыс) арналған. Байқауды ұйымдастырушылар мен қазылар алқасы мүшелері тікелей эфирде адам құқықтары туралы ұсынылған 1475 видеороликтің 35-ін үздік деп жариялады.
Халықаралық байқаудың бас жүлдесі (Grand Prix) Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 1-курс студенті Азамат Ибрагимнің жұмысына берілді. Оның ролигінің тақырыбы: «Ар-ождан және дін бостандығы». Оның жұмысы Юрий Левитанскийдің «Әркім өзі үшін таңдайды» өлеңіне негізделген. Азамат Ибрагимнің видео жұмысы байқауға жіберілген 1475 жұмыстың ішінен ең үздік деп танылды.
Байқауды Ханзада П.Г.Ольденбургский атындағы Санкт-Петербург заң институты, Санкт-Петербург мемлекеттік кино және телевизия институты, «СТРАТЕГИЯ гуманитарлық және саясаттану орталығы» аймақаралық қоғамдық ұйымы ұйымдастырды.