
Қазақстанда Covid-19-ға қарсы вакцина жасалды және оған Naruvax C-19 деген ат қойылды
11.11.2020 • 12:11Вакцина инфекцияға қарсы антиденелер шығарып қана қоймай, организм тінін жасуша деңгейінде вирусқа қарсы тұрғызады.
Қазақ ұлттық аграрлық университеті жанындағы Халықаралық вакцина орталығында жасалған жаңа коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина Naruvax C-19 деп аталады. Бұл туралы Informburo.kz сайты «Хабар24» арнасына сілтеме жасап хабарлады.
Бұл вакцина суббірлік болып саналады. Ол синтетикалық жолмен өндірілген рекомбинантты белоктар негізінде жасалған.
«Огайо штаты университетіндегі серіктестерімізбен бірге нановакцина дайындадық. Ол әртүрлі полимердің нанобөлшегі негізінде дайындалды. Бұл - табиғи, биологиялық ыдырайтын және биоүйлесімді полимерлер. Олар ағзаға енгенде оңай сіңеді және ағзада қалмайды», - деді Қазақ ұлттық аграрлық университетінің Халықаралық вакцинация орталығының директоры Қайсар Табынов.
Нановакцинаны денеге бұлшықеттен енгізбейді, мұрынға тамызады. Вакцинаның клиникаға дейінгі сынағын 2020 жылдың соңына дейін бітіру жоспарланған.